Түркияда адвокаттар қирандылар астынан айғақ іздей бастады
Ол айғақтар сот отырыстарында дәлел ретінде пайдаланылады
Түркияның заңгерлері мен адвокаттары ерікті түрде қираған қалаларға келіп, үйлердің астынан үйлердің сапасына қатысты айғақ іздей бастады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Euronews агенттігінің жазуынша, заңгерлер үйінділер астынан тапқан дәлелдерді елдегі Адвокаттар алқасына табыстайды. Айта кетейік, Түркияда ақпан айында болған жойқын зілзала 48 мыңға жуық адамның өмірін жалмады.
«Біз ерікті ретінде қираған үйлерді суретке түсіріп, әртүрлі айғақ іздейміз. Яғни, қираған үйлердің қандай материалдан салынғанын анықтау үшін құрылыс материалдарының қалдығын алып, Адвокаттар алқасының штаб пәтеріне жібереміз. Кейін ол айғақтар мұрағатқа кетеді. Ары қарай сот отырыстарында дәлел ретінде пайдаланылады», - дейді адвокат Ахмет Кандемир.
Айта кетейік, жер сілкінісінен кейін Түркия полициясы құрылыс кезінде сейсмикалық талаптарды бұзды деген күдікпен 269 адамды қолға түсірді.