$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
06.03.2023, 10:56
Оқиғалар

Жетісу облысында еріген қар суы ауыл көшелерін басып қалды

Оқиға Кербұлақ ауданының Қызылжар ауылында болған

Жетісу облысына қарасты ауылдардың бірінде ауа райы күрт жылынып, қар бірден ерігендіктен, бірнеше үйдің ауласы мен көшені су басып қалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, оқиға кеше, яғни 5 наурызда Кербұлақ ауданының Қызылжар ауылында болған.

«Ауылдың шығыс бөлігіндегі егістіктерден еріген қар суы ағып келіп, ауылдағы арықтарға құйылған.  Арық жүйесі тасқын су көлеміне төтеп бере алмай, су Шыныбек көшесін басып қалды, 4 аула аумағы су астында қалды», - делінген хабарламада.

Қызыл судан қаза болғандар, зардап шеккендер, сондай-ақ тұрғын үйлерді су басу фактілері тіркелген жоқ.

«Қазіргі уақытта жағдай тұрақты, су деңгейі төмендеді. Еріген су транзиттік режимде Байғазы өзеніне кетіп жатыр. Қазір жергілікті атқарушы органдардың, Жетісу облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің және жергілікті тұрғындардың (66 қызметкер және 11 техника) күшімен арық жүйесін тереңдету, тазарту, инертті материалдары бар қапшықтар дайындау жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ тасқын суды егістіктерден шығару үшін арналар қазылып жатыр», - делінген ТЖД хабарламасында.

ТЖЖ өкілдері 6-8 наурыз аралығында күннің күрт жылынуына байланысты Жетісу облысында қар жылдам еріп, тау беткейлерінен еріген қар суы ағып, өзен-көлдерде мұз әлсірейтінін, су деңгейі көтеріліп, арнасынан таситынын ескертеді.

«Осыған байланысты тұрғындарды үйлеріне іргелес орналасқан арық желілері мен құбырлы өткелдерді қардан, мұздан және қоқыстан тазарту шараларын қабылдауға шақырамыз», - делінген хабарламада. 

Серіктес жаңалықтары