Ол шаруаларға берілетін ақшаны банк депозитіне салған
«Аграрлық несие корпорациясының» бұрынғы басшысы Нармұхан Сарыбаев сыбайлас жемқорлық қылмысын ұйымдастырды деген күдікпен екі айға тергеу изоляторларына қамалды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2-ші департаментінің басшысы Сергей Перов хабарлады.
Айтуынша, Сарыбаев корпорацияның миллиардтаған ақшасын екінші деңгейлі банктердің ұзақ мерзімді депозиттік шоттарына салып, үстінен түскен пайданы қалтасына басып отырған.
«Көрсетілген қаражаттар нақты мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру үшін бөлінген, алайда квазимемлекеттік сектор оларды мақсаты бойынша қолданудың орнына депозиттік шоттарға орналастыру арқылы минималды пассивтік кіріс алып отырған. Бұл жағдай мемлекеттік бағдарламаларды уақытылы және сапалы іске асырылуына теріс әсер етуде», - деді бұл туралы агенттік өкілі.
Сонымен, 2017-2018 жылдары Ауылшаруашылық министрлігі «Аграрлық несие корпорация» АҚ басқарма төрағасы Нармұхан Сарыбаевтың басшылығымен банктің депозиттік шоттарына 5,3 млрд теңге салынған. Осы депозиттен 53,5 млн теңге көлемінде сыйақы көрген. Оған қоса, жеке тұлғадан 11 млн теңге пара алған.
Ал 2019 жылы Сарыбаев «Оңтүстік аймақтық инвестициялық орталығы» ЖШС басқарма төрағасы болып сайланғаннан кейін (100% құрылтайшысы Түркістан облысының әкімдігі) екінші деңгейлі банктің депозиттік шотына 1 млрд теңге салған, ол үшін жүйелі түрде 1,5 млн теңге көлемінде пара алған.
Бұған дейін Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев «Аграрлық несиелеу корпорациясына» қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын айтқан еді.
Абай Сейфулла Нұр-Сұлтан