$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.03.2020, 12:04
Оқиғалар

2 млрд теңге жымқырған Ардавичустың сыбайластары қамауға алынды

12 жылға сотталуы мүмкін

Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2-ші департаментінің басшысы Сергей Перов «Astana Motorsport» командасының бұрынғы капитаны Артур Ардавичустың сыбайластарымен бірге 2 млрд теңгені қалай ұрлағаны туралы баяндап берді.

Аталған сома 2016-2017 жылдары «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қорынан спортты дамыту мен Қазақстанның имиджін көтеруге бөлінген.

Тергеу барысында Ардавичус қылмыстық схеманы «Астана» кәсіби спорт клубының директоры Аманбек Кульчиков және «Astana Pro Team» велокомандасының» жетекшісі Лаззат Шамшиевамен бірге құрғаны белгілі болған. «Astana Motorsport» та, «Astana Pro Team» де «Астана» кәсіби спорт клубының еншілес мекемелері.

«2016-2018 жылдар аралығында Кульчиков клубтардың нақты қажеттіліктерін біле тұра, қасақана шығын көлемінен бірнеше есеге артық сомаға қаржыландыру туралы тапсырыстарды, сонымен қатар қаражаттың мақсатты жұмсалғаны туралы Шамшиева және Ардавичус ұсынған жалған есептерді қабылдаған. Артық бөлінген ақша шетелдік компаниялармен жалған келісімдер жасау және оқу-жаттықтыру жиындарын ұйымдастыру, үй-жайларды жалға алу, тауарлық-материалдық құндылықтар сатып алу және т.б. бойынша жалған актілерге қол қою жолымен жымқырылған», - деді Сергей Перов.

Сондай-ақ компания 2018 жылы қажеттілік болмаса да Алматы қаласындағы бір ЖШС-мен 6 велосипед пен қосалқы бөлшектерді алуға 219 мың еуроның келісімін жасаған. Дегенмен, велосипедтер сол күйі жеткізілмеген. 

«Негізі жыл сайын клубқа демеушілер 200 велосипедті тегін беріп тұрады. Бөлінген ақша олардың отбасы мүшелері және спортқа еш қатысы жоқ басқа да тұлғалардың авиабилеттеріне жаратылған. Бұл сомалар 100 млн теңгеден асады», - деді бұған қатысты агенттік өкілі.

Бүгінгі таңда келтірілген залал көлемі 2 млрд теңгеден асады. Кульчиков пен Шәмшиева Нұр-Сұлтанда тергеу изоляторларына 2 айға қамалған. Ардавичуске Интерпол арқылы іздеу жарияланған. Бәріне бұлтартпау шарасы санкцияланды.

Күдіктілердің Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы қымбат мүліктері, автокөлік құралдары, элиталық пәтерлері, жер учаскелері тәркіленген.

Айта кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында агенттік «Astana Motorsport» командасының капитаны Артур Ардавичус спортқа бөлінген 2 млрд теңгені жымқырды деп айыпталған болатын. Егер ол ұсталған жағдайда 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айрылуы мүмкін. 

Абай Сейфулла Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары