Түркістан облысында есірткі сатумен айналысқан ерлі-зайыпты ұсталды
Күдіктілер қамауға алынды
Түркістан облысында есірткі сатумен айналысқан ерлі-зайыптылар ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасына Түркістан қаласының тұрғындарының есірткі сатып жүргені туралы ақпарат келіп түсті. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция қызметкерлері есірткі затын өткізді деген күдікпен Түркістан қаласының тұрғындары, ерлі-зайыптыларды ұстады. Белгілі болғандай, ер адам мен оның жұбайы ұзақ уақыт бойы облыс орталығының аумағында марихуана сатумен айналысқан», - деп жазылған хабарламада.
Аталған жайт ҚР Қылмыстық Кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша тіркелді. Күдіктілер қамауға алынды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Осы баптың санкциясына сәйкес, күдіктілер есірткіні сақтағаны және өткізгені үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.