Түркияда тағы жер сілкініп, бір адам қаза тапты
Малатия қаласында үйінді астынан 32 адам құтқарылды

Дүйсенбі, яғни 27 ақпанда Түркияның Малатья провинциясында 5,6 балдық жер сілкінісі болып, 32 адам құтқарылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Anadolu-ға сілтеме жасап.
Түркия үкіметі жанындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою департаментінің (AFAD) басшысы Юнус Сезер мәліметінше, зілзала салдарынан 29 тұрғын үй құлап, бір адам қаза тапты, сондай-ақ 110 адам зардап шекті.
Қазіргі кезде екі үйдің қирандыларының астынан құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Іздестіру-құтқару жұмыстарына 657 адам жұмылдырылған.
Сезер азаматтарға зақымдалған үйлерден алыс болу керек екенін ескертті.
«Апат аймағында тұратын барлық азаматтың ұялы телефонына тиісті SMS-хабарлама жіберілді. Жерасты дүмпулері әлі де тіркеліп жатыр, зақымдалған үйлер құлауы мүмкін», - деп ескертті ол.