«Халық үйіне кіруден қорқады»: қазақстандық еріктілер Түркиядағы жағдай туралы
Түркияға аттанған қазақстандық еріктілер киіз үй тігіп, тұрғындарға көмек көрсетіп жатыр
Осыған дейін қазақстандық еріктілер тобы Түркияға аттанып, зардап шеккен халыққа көмек көрсетіп жатқаны туралы жазған едік. Жер сілкінісінен қатты зардап шеккен Түркияның Кахраманмараш қаласына Қазақстаннан барған еріктілер 100 қазақ үйін тігіп жатыр. Ол үйлерге жақындарынан, баспанасынан айырылған жандар орналасады және оларға психологиялық көмек көрсетіледі. Azattyq Ruhy тілшісі Түркияға аттанған бірнеше еріктімен байланысқа шығып, олардың атқарып жатқан жұмысы мен апат болған қалалардағы жағдайды сұрап білді.
Қазақстандық Дастан Жұмабай елден аттанған еріктілер тобының қатарында. Отандасымыз қираған қалалардың қазіргі жағдайын былайша баяндап берді.
«Қазір біз Түркияның оңтүстік-шығысы Адана, Кахраманмараш қалаларында жүрміз. Әр қалада жағдай әртүрлі. Адана қаласында қираған үйлер аса көп емес, бір-екі үй, ғимараттар қираған. Зілзала қаланың ішінен өткенімен қиранды үйлер көп болмапты. Апаттан қатты зардап шеккен қалалар – Хатай, Кахраманмараш және Нұрдағы. Нұрдағы қаласында ғимараттардың 99%-ы қираған. Қазіргі таңда қирандыларды ысырып тастайын деп жатыр. Ал Кахраманмараш қаласында ғимараттардың 40-50%-ы қатты зардап шектен. Халық аман қалған үйлерге кіре алмай жүр, себебі қатты шошынып қалған. Біреуі шатырда, енді біреуі жай оттың жанында қыздырынып, жылынуға мәжбүр болып жүр. Жалпы қираған қалалардағы жағдай осы.
Құтқарушылар әлі де үйінділердің ішінен адамдарды іздеп жатыр. Бүгін ғана тоғыз күн өткеннен кейін бір адам табылды, көпшілік кәдімгідей таң қалып отыр. Негізі бес күннен кейін үйінді астында қалған адамның тірі қалу мүмкіндігі қалмайды екен. Елдегі ахуал қиындау. Жұртқа азық-түлік, киім-кешек керек. Мемлекет қарапайым халықты шатырлармен қамтамасыз етіп жатыр», - дейді Дастан.
Қазақстаннан Түркияға 13 адамнан тұратын ерікті топ аттанған болатын. Қазір олар қираған қалаларда қызу жұмыс істеп жатыр.
«Келген сәтте бастап елден жеткізген киіз үйлерді тігіп тастадық. Айта кететін бір жайт, Түркия ешқандай елден еріктілер тобын алып жатқан жоқ. Әлеуметтік желіде «Мына киіз үйді апарасыңдар енді оны қалай құрады? Ертең ана киіз үйлерді қоқысқа тастай салмайды ма? Отын қылмай ма?» деген әңгімелер өте көп тарап жатыр. Осының алдын алу үшін 12-13 жігіт болып киіз үй құра алатын және суықта ұйықтап, аштыққа шыдай алатын адамдарды алдырдық, талаптарымызды айттық. Саған ешкім алғыс айтпауы, көмектескеніңді ескермеуі де мүмкін, соған физикалық, моральдық тұрғыда осындай қиындықтарға дайын болсаңыздар келіңіздер дедік. Бізбен еріп келгендердің бәрі өз еркімен бала-шағаларын, бірі бизнесін, бірі жұмысын қалдырып келді. Үш күннен бері осында жұмыс істеп жатыр. Өздері құрған киіз үйде ұйықтап жүр.
Жағдайы ауыр деген отбасыларға шамамыз келгенше көмек жасап жүрміз. Халықтың жиып берген ақшасынан қалған кішкене соманы таратып жатырмыз. Керегін сұрап алып беріп жүрміз», - дейді ерікті.
Ол сөз арасында киіз үй тігуге қаражаттың қалай жиналғанын айтып берді. Сондай-ақ Дастан үлкен апат түрік халқының сағын сындырмағанын айрықша атап өтті. Ауыр күндерді өткеріп жатқан халық шүкіршілігін тоқтатқан емес, дейді ерікті.
«Қаражат жағына келер болсақ, «100 киіз үй» деп науқан ашылған кезде 20 миллионнан сәл асатын ақша жиналды. Оның 17 млн, 300 мың теңгесіне 45 киіз үй сатып алынды, одан кейін тағы 15 киіз үй алынды. Ал қалған ақшасына қазан-ошақ, жылыту дүниелерін алдық.
Психологтар зілзаланың зардабынан психикалық оңалу үшін кемінде 6-7 ай керек екенін айтады. Қарапайым халық өте сабырлы. «Қандай мұқтаждығыңыз бар? Жағдайыңыз қалай?» деген сұрағымызға осы күнімізге де шүкір деп жүрген көңілі жарым жандарды көп көрдік. Қирап қалған үйлерін тастай алмай ең болмаса денесі қашан шығар екен деп жақындарын күтіп отырған жұртты көргенде жүрегің ауырады. Десе де басқа түскенін көтереміз деген көңіл-күйді түрік халқынан байқадым.
Құтқару жұмысы жүріп жатыр. Дегенмен құтқару күші жете алмай отырған кейбір ауылды жерлер әлі де бар. Қазақстаннан жеткен құтқарушыларға түрік аналары келіп, қолдарынан қысып алғыстарын айтып жатыр. «Баламды аман алып қалдыңдар, анамды құтқарып қалдыңдар» деп алғыс айтып жатқандар көп. Жолдан тоқтатып әрбір адамнан сұрасаң алғысын жаудырады, бірақ біздің мақсатымыз – бұл емес, қолымыздан келгенше көмек қолын созу. Қазақ құтқарушылары өте белсенді жұмыс істеп жатыр. Ескере кететін дүние – саны жағынан Әзербайжан мен Қазақстанның құтқарушылары көбірек.
Түркияда қазір киіз үйлерді тігіп, артынша ас беріп жатырмыз, 3-4 мың халықты тігілген киіз үйлерге орналастырғаннан кейін елге қайтамыз. Біз құтқару жұмысына қатыса алмаймыз. Түркияға көмек қолын созу үшін аттанған топта әскери офицерлер, бұрын осы салада қызмет еткен кісілер бар адамдар бар, бірақ ресми түрде дәрігер немесе құтқарушы емеспіз. Сондықтан үйінділерді ақтарып зардап шеккен жандарды іздеу секілді жұмысқа жарамаймыз. Біздің міндет – киіз үйлерді құрып беру және шамамыз жеткенше халыққа көмек көрсету», - деді Дастан Жұмабай.
Өз қалауымен еріктілер қатарына қосылғандардың бірі – Жарқынбек Ахметсаки. Түркияға келген күннен бері демалмастан қарапайым халыққа көмек көрсетіп жүр. Бауырлас елдегі апат жағдайында үйде жата алмадық дейді ерікті.
«Қазақстаннан бір топ азамат болып Түркиядағы зардап шеккен адамдарға көмек ретінде 100 қазақ үй жобасы бойынша келдік. Алғаш ұсынысты естігенімде баруға келісім бердім. Бұл жақтағы халықтың жанына келіп, қолдан келген көмекті жасап жатырмыз. Қазір біз апаттан ең көп зардап шеккен Кахраманмараш қаласындамыз. Қаланың орталық паркінде киіз үй құрып жатырмыз. Қазіргі біздің тобымызда 15 адам бар. Жиналған еріктілердің барлығы өз қалауымен келді. Біреудің танысы, досы бір-бірінен естіп, осылай алыс жолға шықтық.
Түркияда болып жатқан апатта үйде қол қусырып отыра алмадық. Жергілікті халыққа біздің қолдау көрсетіп келгеніміздің өзі үлкен көмек болды. Өз басым бауырлас елді қолдауға келдім. Апаттан кейінгі қарапайым халықтың жағдайы жанға батады, бірі ата-анасын, енді бірі баласын, тағы бірі бауырын жоғалтқан жандар. Олардың дәл қазіргі уақытта тіпті ас ішуге де құлқы жоқ. Қайғыдан қан жұтқан халықтың бейнесін көру бізге де ауыр. Дегенмен халық қанша қорқып қалса да жақсы нәрсені ойлауға, сабырлы болуға барынша тырысып жүр. Көріп, тілдескен адамдардың ауызынан шүкіршілік сөздерін жиі естіп жүрміз. Өзімізге қойылған міндетті толық атқарғаннан кейін елге қайтамыз», - дейді Жарқынбек Ахметсаки.