$ 494.87  520.65  4.91
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Дәретханадан пышақ пен балта ұстап шықты». СҚО-да үш оқушыны жаралаған бала жайлы тың мәлімет шықты

Оқиға бүгін, яғни 13 ақпан күні №4 мектепте таңғы сағат 7.50-де болған

«Дәретханадан пышақ пен балта ұстап шықты». СҚО-да үш оқушыны жаралаған бала жайлы тың мәлімет шықты
Фото ашық дереккөзден

Петропавлда орта мектеп оқушысының балта мен пышақ ұстап, балаларды жарақаттау фактісіне қатысты Солтүстік Қазақстан облысы Білім басқармасының жетекшісі Нәзір Жәшібеков алғашқы ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Ресми өкіл журналистердің «қазір ол оқушы қайда, ұсталды ма, бұрын психикалық диспансерде тіркеуде тұрды ма?» деген өзекті сұрақтарына жауап берген жоқ. Дегенмен оның айтуынша, мектеп толығымен күзетілетіне қарамастан, оқушы суық қаруларды сөмкесіне салып, алдымен дәретханаға кіріп, сол жерден қаруланып шыққан.

«Қазір баланың қайда екенін айта алмаймын, өйткені бұл іспен тергеу органдары айналысып жатыр. Алдан ала болжам бойынша ол суық қаруды сөмкесіне салып әкелген. Оқушылардың сөмкесін күзетшілер ешқашан тексермейді, тінтпейді. Бұған ешкімнің құқығы жоқ, оны өте жақсы түсінесіздер деп ойлаймын. Ешбір адам баланың сөмкесін тексеруге қақысы жоқ. Сондықтан балта мен пышақты сөмкесіне салып әкеліп, дәретханаға кірген. Дәретхананың ішінде балта мен пышағын алып шыққан», - деді ол.

Оның айтуынша жарақат алған балалардың екеуі ұл, біреуі қыз болып шықты. Олар – әртүрлі сыныптың оқушылары.

Жарақат алған балалардың бірі тоғызыншы, екіншісі оныншы сыныпта оқиды.

Құзырлы орган өкілдері баланың психоневрологиялық диспансерде тіркеуде тұрғанын растады. Ол оқу жылының басында 3 ай бойы ауырып, сабаққа бармаған.  

«Кәмелетке толмаған күдікті қамауға алынды. Онымен полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Мектеп әкімшілігінің әрекетіне тиісті баға беріледі. Күдікті бірнеше мәрте респбликалық орталықтарда емделген», - дейді Петропавл қаласының прокуроры Аман Нұртазин.

Серіктес жаңалықтары