Павлодарда мектеп асханасында балалар уланды
Оқиғаға байланысты мектепте тексеріс жұмыстары басталды
Павлодар қаласының іргесінде орналасқан ауыл мектебінің 6 оқушысы тамақтан уланып, облыстық аурухананың инфекциялық аурулар бөлімшесіне жеткізілді. Оқиғаға байланысты мекемеде тексеріс жұмыстары басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ауырып қалған оқушылар 7-12 жас аралығында. Павлодарское 40-шы орта мектебі ата-аналар комитетінің мүшесі Сәуле Шәкібаева балалар бәліштен улануы мүмкін деген болжамын айтты. Барлығында улану белгілері түнде байқалған. Олардың іші ауырып, жүректері айныған. Ал таңертең ата-аналары жедел жәрдем шақырған. Оқушылар бірден облыстық ауруханаға жеткізілді.
Үш ата-ана түрлі себептермен балаларын емдеу мекемесіне жатқызудан бас тартқан. Қазір олар дәрігерлердің бақылауымен үйлерінде емделуде. Қалғандары ауруханаға жатқызылды. Улану фактісіне байланысты мектеп асханасы жабылып, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары тексеріс жұмыстарына кірісті.
«Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары крандағы, кулердегі судың, балалар жеген барлық тағамдардың сынамасын алды. Арнайы сараптама жасалады. Оның нәтижесін шығару үшін орта есеппен 3-5 күндей уақыт қажет», - дейді Павлодар қалалық білім бөлімі жетекшісінің орынбасары Қуаныш Қадыралин.
Мектеп асханасы жабылғандықтан, білім ордасының жұмыс күні қысқартылды. Оқушылар түске дейін ғана оқып, үйлеріне жіберіледі. Енді қоғамдық тамақтану орнының тағдыры арнайы тексерістен кейін белгілі болмақ.
Павлодар қалалық білім бөлімінің мамандары ауырып қалған әр баланың ата-анасымен байланыста екенін жеткізді. Ведомство басшылығы уланған балалар тәуір болып келе жатқанын, олардың жағдайы тұрақталғанын айтуда.
Тиісті мекемелер асханада пайдаланылған азық-түлік өнімдерінің сертификатын тексерген. Бұл орайда заң бұзушылық анықталған жоқ.
Эльмира Мәмбетқызы, Павлодар облысы