Алматыда сауда үйінде теракт жасамақ болған «діндарға» сот үкімі шықты
Ол ДАИШ лаңкестік ұйымының сапына қосылған
Діни алауыздық туғызып, терракт жасамақ болды деп айыпталған А.Ж.Бітімбаевты қылмыстық істер бойынша Алмалы аудандық соты 10 жылға бас бостандығынан айырды деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚР ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қылмыскер «ДАИШ» террористік ұйымының қатарына қосылып, қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің назарына іліккен. Ол адам көп жиналатын орындарда жарылыс жасамақ болған көрінеді.
«Лаңкес теракт жасағаннан кейін Сирияға кетуді және сол елде соғысуды жоспарлаған. Оның жолын кесу мақсатында биыл сәуір айында арнайы операция жүргізіліп, Алматыда Бітімбаев ұсталды. Тінту барысында одан қару-жарақ, жарылғыш зат жасауға арналған компоненттер, сауда орталықтарының сызбасы, бетперде және қолғап тәркіленіп алынды», - делінген ҰҚК таратқан хабарламада.