$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.02.2023, 11:55
Оқиғалар

Түркияда қазақстандық құтқарушылар үйінді астынан 3 адамды аман алып шықты

Құтқару жұмыстары аса күрделі әрі қауіпті жағдайда жүргізілді

Газиантептегі объектілердің бірінде біздің құтқарушылар үйінділердің астынан 3 адамды тірідей шығарып алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Құлаған тоғыз қабатты үйдің қирандыларының астынан бір қарт адам мен екі жас жігіт шығарып алынды. Қазақстандық құтқарушылар оларға бірінші болып барып, құтқарылған адамдарды түркиялық әріптестеріне және медициналық қызметтерге тапсырды», - делінген хабарламада.

Айта кетерлігі, жұмыстар үзіліссіз екі тәулік бойы конструкциялардың құлау қаупі төніп тұрған аса күрделі жағдайда жүргізілді.

«Адамдарды анықтау үшін кинологиялық есептоптар және арнайы іздеу құралдары белсенді түрде тартылды», - делінген хабарламада.

Еске салайық, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында магнитудасы 7 баллдан асатын екі жер сілкінісі болды. Зілзала сондай-ақ көрші елдерде, соның ішінде Сирия, Ливан, Ирак, Кипр сияқты бірқатар елде тіркелген. Жерасты дүмпулері салдарынан Түркияның Кахраманмараш, Газиантеп, Шанлыурфа, Диярбакыр, Адана, Адияман, Османие, Хатай, Килис, Малатия және Элазиг провинцияларында мыңдаған адам қаза тапты.

Түркиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 12 391-ге жетіп, жараланғандар саны 62 914-ке жетті, 6444 ғимарат қирады.

Түркияда жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар үшін жеті күндік жалпыұлттық аза тұту жарияланды. 12 ақпан, яғни жексенбіге дейін елдегі және елдің шетелдегі өкілдіктеріндегі тулар түсірілді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанға көңіл айтты. Мемлекет басшысы Үкіметке жойқын жер сілкінісінің салдарын еңсеру үшін Түркияға шұғыл көмек көрсетуді тапсырды.

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің жасағы жер сілкінісінің салдарын жоюға көмектесу үшін Алматыдан және Астанадан екі эшалон құтқарушылар ұшып шықты. Олар екі күннен бері зілзала ошақтарында құтқару жұмыстарымен айналысып жатыр. 8 ақпанда қазақстандық құтқарушылар Түркияда үйінді астынан әйелді алып шыққан болатын.

Тақырыпқа орай: Түркияда жоғалып кеткен тағы екі қазақстандықтың орналасқан жері анықталды

Қазақстан Президенті Үкіметке Түркияға шұғыл көмек көрсету үшін 1 миллион доллар бөлуді тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның Қазақстандағы елшілігінде болып, көңіл айту кітабына жазба қалдырды.

Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджидің айтуынша, Түркияда жер сілкінісінен кейін төрт қазақстандық жоғалып кеткен. Бұған дейін Astana Hub технопаркінің халықаралық агенті Мирус Құрмашев туыстарымен байланысқа шықпағаны хабарланған болатын. Онымен үш әріптесі де байланысқа шықпаған: Әділ Қадырбеков, Сабина Мамадьярова, Құбылай Кескин. Кейіннен Сабина Мамадьярованың үйінді астынан тірі табылғаны, оның қолы сынғаны хабарланды.

Серіктес жаңалықтары