Түркиядағы жер сілкінісі кезінде 4 қазақстандық жоғалып кетті - елші
Бұл мәліметтер әлеуметтік желіден алынған
Түркиядағы жер сілкінісі кезінде 4 қазақстандық жоғалып кеткен. Бұл туралы Түркияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи елшілікте өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Елші айтқандай, зілзала кезінде хабар-ошарсыз кеткендер арасында Қазақстан азаматтары да бар.
«Түркияда болған жойқын зілзала кезінде жоғалып кеткендер арасында өкінішке қарай Қазақстан азаматтары да бар. Төрт адам хабар-ошарсыз кеткен деген дерекке қол жеткіздік. Бір жас қыз, блогер болуы мүмкін, Адана қаласында, үш кісі Хатай қаласында жоғалған. Алайда бұл ресми ақпарат деп айта алмаймын. Бізге бұл мәлімет әлеуметтік желілерден белгілі болды», - деп атап өтті Төтенше және өкілетті елші.
Айта кетейік, Түркия мен Сирияның бірқатар провинциясында қатты жер сілкінісі болып, салдарынан ғимараттар қирады. Табиғи апат 13,5 млн тұрғыны бар 10 провинцияға кері әсерін тигізді. Соңғы мәліметтер бойынша, қаза болғандар саны 8 мыңға жуықтады.