Ақмола облысында 1,3 млрд теңге бюджет қаржысын ұрлағандарға сот үкімі шықты
Үкім заңды күшіне енген жоқ
Ақмола облысында 1,3 млрд теңге бюджет қаржысын ұрлау дерегі бойынша шенеунік пен екі кәсіпкерге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Істі ҚМА Ақмола облысы бойынша департаменті өңірлік прокуратурамен бірлесіп тергеді.
«Қызылсуат ауылында жаңа құрылыс аумағына арналған электрмен жабдықтау қосалқы станциясын салу кезінде 1,3 млрд теңге сомасындағы бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша Целиноград ауданының ТКШ бөлімінің басшысына және «РемСтройСервис ПВ» мен «MS-Energy» ЖШС басшыларына қатысты айыптау үкімі шықты», - делінген хабарламада.
Қылмыстық істің барлық қатысушыларына нақты жаза, бас бостандығынан айыру тағайындалды.
«Сотталған кәсіпкерлер мен ЖШС қызметкері коммерциялық және өзге де ұйымдарда 10 жыл мерзімге материалдық-жауапты лауазымдарды атқара алмайды, ал ТКШ басшысы өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқара алмайды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - делінген агенттік хабарламасында.