Ақтөбелік тұрғын желі арқылы қарулы жиһад материалдарын таратқан
Ол 6 жылға бас бостандығынан айырылды
Бас прокуратураның үйлестіруімен Ақтөбе облысындағы ҰҚК Департаменті «Telegram» месенджері арқылы «қарулы» жиһад материалдарын таратқан азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Сот үкімімен аталған адам ҚК-нің 256-бабы (терроризді насихаттау) бойынша 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді», - делінген ҚР Бас прокуратурасының хабарламасында.
Ведомство мәліметінше, соңғы жылдары елімізде прокуратура органдарымен үйлестіруімен құқық қорғау және арнайы органдар терроризм мен экстремизмнің алғы шарттарын анықтау және жолын кесу үшін заңнамалық және ұйымдастырушылық базаны құру және жетілдіру бойынша елеулі жұмыс атқарылған.
Бүгінгі таңда интернет кеңістігінде радикалды идеялардың таралуы айтарлықтай қауіп төндіреді.
«Құқыққа қарсы контенті бар сайттарды тексеру мақсатында 2017 жылы «Киберқадағалау» жобасы іске қосылды, оның нәтижелері бойынша мемлекеттік органдар діни экстремизм мен терроризм белгілері бар 900 мыңнан астам веб-сілтемелерді бұғаттады. Мысалы, 2022 жылдың соңында Бас прокуратура халықаралық террористік ұйымға қатысы бар жалған уағызшының «Youtube» бейнеконтентінің (шамамен 3 мың жазылушы және 5 мың қаралым) веб-сілтемесін бұғаттады», - делінген хабарламада.