Астанада ер адам 4 жасар баланы терезеден лақтырып, енесін пышақтап өлтірген соң өзіне қол жұмсаған
Сұмдық оқиға елордадағы «Хабар» тұрғын үй кешенінде болған
2023 жылдың бесінші ақпаны күні «Хабар» тұрғын үй кешенінде отбасылық жанжалдың арты үш адамның, соның ішінде бір сәбидің өліміне себеп болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Астана» телеарнасының хабарлауынша, орта жастағы ер адам құмар ойынға әуес болған. Үйіне келген ол әйелін өлімші етіп сабап, үйде отырған төрт жасар жиенін терезеден лақтырып жіберген. Артынша енесін пышақтап өлтіріп, оқиға орнына полиция жеткенде, өзі жетінші қабаттан секіріп өлген.
«Таңғы бесте үсті-басы қан-жоса келіншек есігімізді қақты. Үйде күйеуі қатты ұрып-соққан екен. «Күйеуім ойынқұмар, есінен ауысты» дейді әйел. Одан қашып шыққан әйел үйдегі адамдарды құтқару үшін көршілерінің есігін қаға бастапты. Тек бірінші қабаттағы біздің пәтер есік ашқанын айтты. Мен киініп далаға шыққанымда, балконның жанында кішкене баланың мәйіті жатты. Басы жарылған, мәйіттің айналасы қанға толы», - деп жазған куәгер.
Астана қаласы Полиция департаментінің хабарлауынша, полицияға алдымен ұрыс-керіс туралы шақырту түскен.
«5 ақпанда 102 пультіне отбасыда жанжал болып жатқаны туралы хабарлама түсті. Қазір Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сараптама тағайындалды», - деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.
Ал тұрғын үйдегі өзге де азаматтардың айтуынша, кішкентай бүлдіршінді, енесін, артынша өзін өлтірген ер адам құмар ойынға әуес болып, қарызға батқан. Келіншегінің әке-шешесі бұл «қылығына» қарсылық танытқанда, ұрыс басталды дейді. Дегенмен отбасы сырт көзге тыныш болып көргінген. Көршілердің айтуынша, олардың үш баласы болған.