Түркиядағы жер сілкінісі: қаза тапқандар саны 200-ден асты
Құрбан болғандар саны әлі де өсуі мүмкін
Соңғы мәліметтер бойынша Түркияның оңтүстік-шығысындағы қатты жер сілкінісінен қаза тапқан адам саны 200-ден асты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Euronews-ке сілтеме жасап.
Сирияда кем дегенде 62 адам және Түркияда 76 адам көз жұмды. Құрбан болғандар саны әлі де өсуі мүмкін. Жараланғандар — Түркияда 440-тан астам, Сирияда 200-ден астам адамды құрайды.
Еске сала кетейік, Сирия шекарасынан шамамен 90 шақырым қашықта болған жер сілкінісінің ошағы Түркияның Газиантеп қаласында тіркелді. 7,8 баллдық жердің дүмпуі тіпті Каирде де сезілген.
Губернатор Хулуси Сахиннің айтуынша, Түркияның Малатия провинциясында кем дегенде 130 ғимарат, оның ішінде тұрғын үйлер құлаған. Жер сілкінісі нәтижесінде Кахраманмараш қаласында газ құбыры жарылды.
Сирияның солтүстік-батысында Сирияның оппозициялық азаматтық қорғанысы көтерілісшілер басқаратын аймақтағы жағдайды «апатты» деп атады және ғимараттардың құлауынан адамдар қоқыс астында қалып, ауруханалар жаралыларға толы екенін айтты.
Сирияның Алеппо, Хама және Латакия қалаларында ғимараттар құлап, 200-ге жуық адам зардап шекті. Дамаск пен Бейрутта да дүмпу сезіліп, адамдар көшелерге қарай жүгірген.
Жергілікті биліктің айтуынша, бұл 1999 жылдан бергі ең ауыр жер сілкінісі, ол кезде 18 мыңға жуық адам қаза тапқан.