Нұр-Сұлтанда ауладан жоғалып кеткен бала түн жарымында табылды
Жеткіншек жертөлелердің бірінде жатқан жерінен табылған
Баланы іздеуге шыққан еріктілер мен полиция қызметкерлері түн қараңғылығында бірнеше сағат бойы төңіректі түгел сүзіп шыққан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бала түн жарымында табылыпты. Волонтерлердің бірінің айтуынша, жеткіншек жертөлелердің бірінен табылған.
Баланы іздеу жұмысына 50-ден астам ерікті көмек көрсеткен.
Жеткіншектің табылғаны туралы Инстаграмдағы _astana_volontery_lider.kz_ парақшасында хабарланған.
«Өзгенің қайғысына көз жұмып өтіп кетпеген жандардың бәріне алғысымызды білдіреміз. Баланы іздеу жұмыстарына 50-ден астам қатысты. Жеткіншек өз үйінің маңынан табылды. Ең бастысы, аман-есен!», – делінген хабарламада.
Естеріңізге салсақ, 27 ақпан күні Нұр-Сұлтан қаласында 11 жасар баланың жоғалып кеткені туралы жазған болатынбыз.
Туған-туыстарының айтуынша, бала сол күні туысқан әпкесінің үйінен шығып кеткен екен. Кешкі сағат 18.00 шамасында жеткіншектің үй ауласында ойнап жүргенін көргендер болған. Содан кейін бала із-түзсіз жоғалып кеткен.
Еріктілер әлеуметтік желі қолданушыларынан жоғалған жеткіншек туралы хабарландыруды көбірек таратуды сұраған.