Петропавлда жаңа туған нәрестені анасының қалай өлтіргені анықталды
Түрлі жарақатпен өлі табылған шақалақ әйелдің үшінші баласы болған
Қызылжар өңірінде қоқыс арасынан табылған нәрестенің тұла бойында жарақаттар анықталған. Бұл жайында сәбидің денесін сараптамадан өткізген полиция мамандары хабарлады. Ал нәрестенің 28 жастағы анасы қамауға алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Елді елең еткізген оқиға Тайынша ауданының Обуховка селосында болған. Жаңа туған нәресте 1992 жылғы әйелдің үшінші баласы болып шықты. Оның тұңғышы 2018 жылы іштен өлі туған екен.
Екінші жүктілігі сәтті аяқталып, ұлы жуырда 1 жасқа толмақ. Ал жас ананың тағы да бала көтеріп жүргенін ешкім білмесе керек. Аудандық әкімдік өкілдері оның өз жүктілігі жөнінде дәрігерлерге хабарламағанын айтады. Тіпті, азаматтық некедегі ері де бұл жаңалықты естіп, аң-таң болған.
«Әйелден қан кеткен, сосын ол дәрігерлерді шақыртқан. Ақ халаттылар келген кезде баланың шетінеп кеткенін айтады. 3-4 айлық бала құрсақтан бірнеше бөлікке бөлініп шыққан деген. Бірақ нәрестенің денесін көрсетпей қойған. Сосын барып дәрігерлер полицейлерді шақыртып, олар нәрестені қораның артында үйіліп жатқан қидың арасынан тауып алған. Жас ана азаматтық жолдасымен және оның әке-шешесімен бірге тұрған. Әйелдің денесі толық болған соң, олар оның жүкті екенін байқамағанын айтты», – деді СҚО Тайынша ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары Жанар АЛДАНАЗАРОВА.
Полицейлер Қылмыстық кодекстің 100-ші бабына сәйкес, яғни жаңа туған баланы өлтіру бойынша қылмыстық іс қозғапты. Артынша шақалаққа сараптама жасалып, оның денесінен бірқатар зорлық белгілері анықталған. Осыдан соң іс «адам өлтіру» бабына ауыстырылған.
«25 ақпан күні Тайынша ауданының полиция бөліміне аудандық ауруханадан Обуховка ауылында жаңа туған бала өлімі туралы телефон хабарламасы келіп түсті. Оқиға орнын тексеру барысында қораның сыртынан зорлап өлтіру белгісімен жаңа туылған баланың денесі оралған пакетте анықталды», – деді СҚО Полиция департаментінің қызметкері Сән ЖҰМАҒАЗИНА.
Тәртіп сақшыларының дерегіне сүйенсек, аймақта мұндай азғындық соңғы рет 2013 жылы жасалған. Дегенмен, ел аумағында нәрестелерге қатысты қылмыстар жыл сайын кездесіп жүр. Әйелдерді қолдау орталығы бұл мәселені жүйелі түрде шешу қажеттілігін жеткізді.
«Бізге әрбір ауылға фельдшерлік акушерлік бекеттер қажет. Ал сіздер білесіздер, ауылда амбулаториялық бекет түгілі, дәріхананың өзі тапшы. Ал ең бастысы, елімізде отбасыны жоспарлау институты жоқ. Бұл мәселені мектептің деңгейінен бастау қажет. Ана мен әке сезімі сол кезден бастап қалыптасуы керек», – деді Әйелдерді қолдау орталығының жетекшісі Алина ОРЛОВА.
Алина Орлова ең болмағанда «бэби-бокс» тәжірибесін енгізілсе деді. Нәрестелерге арналған қорапша әйелдердің сана сезіміне әсер етпегенімен, сәбилердің өлімін азайтар деп үміттенеді. Бүгінде аталған жүйе пилоттық жоба ретінде Нұр-Сұлтанда ғана бар.
Сонымен, полицейлер қазір қылмысты бүге-шүгесіне дейін зерттеуді қолға алды. Ауруханада емделіп жатқан нәрестенің анасы қазір басты күдіктіге айналып отыр. Ал бірге тұрған отбасы мүшелері оның жүктілігін байқамай, неге сонша селқостық танықтаны тергеу кезінде белгілі болмақ.