Тәуелсіздік монументі авторларының бірі көз жұмды
Сәулетші Қазыбек Жарылғапов 57 жасында мезгілсіз дүниеден өтті
26 ақпан күні Алматыда Қазақстан Тәуелсіздігі монументінің авторларының бірі, сәулетші Қазыбек Жарылғапов 57 жасында мезгілсіз дүниеден өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Танымал архитектор Қазыбек Жанашұлы Жарылғапов мезгілсіз дүние салды. Жерлеу рәсімі 28 ақпан күні сағат 10.00-де Чаплин көшесі, 27 үйде өтеді. Бұл «Малая станица» аумағында, Сырдария көшесінің қиылысында орналасқан мекенжай», – делінген Алматы Мәдениет басқармасының хабарламасында.
Қазақстанның Тәуелсіздің монументі – Алматы қаласындағы Республика алаңына 1996 жылдың желтоқсан айында орнатылған сәулет және мүсін өнері ескерткіші. Биіктігі 28 метр болатын ескерткіштің биік тұғырындағы қанатты барыс үстінде Алтын жауынгер бейнеленген.
Тәуелсіздік монументі Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазақ елі» және «Бәйтерек» сынды қазіргі Қазақстан символдары саналады. Монумент авторы – еліміздің еңбек сіңірген архитекторы Шота-Аман Уәлиханов. Ол мүсіншілер Әділет Жұмабаев пен Нұрлан Далбаев және сәулетші Қазыбек Жарылғапов сынды бірқатар автор құрамына енген топтың жетекшісі болған.