Қостанай облысында ресейлік жүргізуші полиция көлігіне соғылған
Оқиға 30 қаңтарда болған
«Рубеж» шекара бекетінде жол-көлік оқиғасы болды. Ресейдің Челябі облысынан келе жатқан көліктің иесі жолда ұйықтап кетіп, шекара бекетіне жақындаған тұста сол маңда тұрған қазақстандық патрульдік полиция көлігін соқты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Наша Газетаға» сілтеме жасап.
Оқиға 30 қаңтарда түскі сағат 13.30-да болған. Ресейден келе жатқан көлікті тізгіндеген 54 жастағы әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Әйел Челябі облысынан келе жатқан, көлікте жүргізушімен бірге қызы мен қайын енесі болған. Бұл кезде патрульдік көлікте полиция қызметкерлері болмаған. Полицейлер апатқа ұшыраған отбасына алғашқы көмек көрсетті. Жүргізушіге қатысты жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін ҚР ӘҚБтК 610-бабы бойынша әкімшілік хаттама жасалды», - делінген хабарламада.
Баптың санкциясы 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды немесе 6 айға дейінгі мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруды көздейді. Іс бойынша шешімді сот қабылдайды. Залалды өтеу мәселелері сақтандыру төлемдері арқылы немесе сот тәртібімен шешілетін болады.