$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.02.2020, 11:57
Оқиғалар

Қалың қар мен күннің күрт жылынуы СҚО-да су тасқыны қаупін күшейтті

Су басу қаупі жоғары ауылдардың маңында құмнан уақытша бөгеттер жасалып жатыр

Қалың қар мен күннің күрт жылынуы СҚО-да су тасқыны қаупін күшейтті
Фото: ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстан облысының 92 елді мекенін су басуы мүмкін. Петропавл қаласының шеткі аудандарына да зор қауіп төніп тұр. Көктемгі су тасқынына әзірлік мәселесі облыстық әкімдікте өткен жиында талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Биылғы қалың жауған қардың салдарынан СҚО бойынша, 92 елді мекен мен Петропавлдың шеткі аумақтарында орналасқан 250-ге жуық үйді қызыл су басуы мүмкін. «Казгидромет» мамандарының айтуынша, бүгінге дейін жауған қардың қалыңдығы кей жерлерде 48 см-ге дейін жетеді. Көктемде қар еріген кезде, ылғалдың мөлшері әдеттегі мөлшерден екі есе артады. Өткен жылдардың тәжірибесін ескере отырып, су басу қаупі жоғары ауылдардың маңында құмнан уақытша бөгеттер жасалып жатыр.

«Биыл облыстың өзен-көлдерінде су молынан жиналды. Сергеев су қоймасы 95 процентке толы, бұл 2017 жылдың көрсеткішіне сай келеді. Биылғы қыс ерекше жылы болғандықтан, көктем ерте келіп, мұз тез ериді. Наурыздағы ауа температурасы орташа алғанда -6 градусты құрайды. Бұл нормадан 1 градусқа жоғары», - дейді «Казгидромет» РММ СҚОФ директоры Қымбат Мерғалимова.

Соңғы жылдары аудан құтқарушыларының материалды-техникалық базасын жақсарту мақсатында  облыстық бюджеттен 24 млн. теңге бөлінді. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары әр ауданның су басу қаупі бар елдімекендер жайында ақпарат берді.

«Сілеті өзенінің бойындағы Уәлиханов ауданының Қулыкөл мен Қаратал ауылдарын су басуы мүмкін. Өйткені бұл өзенге жиналатын еріген судың мөлшері нормадан 1,5 есе көп. Осыған байланысты аудан әкіміне алдын ала техниканың дайындығын тексеріп, қажет жағдайда көрші облыстың көмегіне жүгінуге дайындалу қажет», - дейді  СҚО ТЖД  бастығы Рамиль Камалов. 

Петропавлдың шеткі аудандарындағы 250 үйді де еріген қар суы басуы мүмкін. Осыған орай, қазір қаланың коммуналдық қызметтері қар шығару қарқынын күшейткен. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов облыстағы техника жеткіліксіз болса, көршілес аймақтардың көмегіне жүгінетіндіктерін жеткізді.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары