Таразда 19 жыл бойы өлілер санатында болған тұрғын зейнетке шыға алмай жүр
Ол 2004 жылы сот шешімімен марқұмдардың санатына қосылған болып шықты
Тараз тұрғыны 19 жылдан бері өлілер санатында екенін жақында ғана біліп, қиын жағдайға тап болған. Өзінің тірілер тізімінде жоқ екенін біліп есеңгіреп жүрген 59 жастағы азамат о дүниелік болғанын зейнетақы қорындағы қаражатын түгендеуге барғанда бір-ақ білген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Фирмада жүк түсіруші болып істейтін ол зейнетақы қорындағы қаражатын түгендемек болыпты. Ондағылар 59 жастағы азаматқа әруақ көргендей шошынып қараған.
Сотқа жүгінген Олегтің бұрынғы әйелі болып шықты. 59 жастағы кісі Алматының аруымен 1990 жылы отасып, 2000 жылдардың басында ажырасып кеткен. Содан бері екеуі бірін-бірі көрмеген. Олег 2003 жылы қарақшылық бабымен 9 жылға сотталғанын айтады.
«Бұрынғы әйелім мені іздеп таппаған деп ойлаймын. Біз заңды түрде ажырасқан жоқ едік. 10 жастағы қызым қалған болатын. Мен із-түзсіз кеткесін, сотқа жүгінген болуы керек. Ал судья қайтыс болды деген шешім шығарған. Бірақ мені ешкім іздеген жоқ», - дейді Олег Ким.
Алпысты алқымдаған азамат еш кедергісіз өмір сүрген. Банк картасына тұрақты түрде жалақысы түсіп тұрған. Тіпті екі жыл бұрын ескірген төлқұжатын да ауыстырыпты. Таңқаларлығы, Олегтің бақилық болғаны жөніндегі дерек электронды ортақ базаға тек 2021 жылы енгізілген екен. Бұған дейін тосқауылдардың болмауы содан болса керек. Ал АХАТ бөлімінің басшылығы кісінің шаруасын шешу аса қиын емес дейді.
«Бұл кісінің статусын қайтарып, қайтыс болу актісін жою үшін үшін өтініш жазып, АХАТ бөліміне жүгіну керек. Содан кейін. Түрксіб ауданы сотының 2004 жылғы шешімін жою үшін бұл кісіге сотқа жолдама береміз. Сол жою фактісін әкелгенде, статусы өзгереді», - дейді Тараз АХАТ бөлімінің басшысы Бақытнұр Тілеубекқызы.
Олег Ким азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне өтініш тастады. Бірақ бұл кісіні тірілер қатарына қосу процесі қаншаға созылары айтылмады. Ал әзірге 59 жастағы азаматқа мемлекеттік және әлеуметтік қызмет мүлдем көрсетілмейді.