Коронавирус Австрия мен Хорватияға жетті
Қытайдан өзге елдерде коронавирус жұқтырғандар саны 2069 адамға жетті, 23 адам қайтыс болды

Австрия мен Хорватияда коронавирус жұқтырудың алғашқы оқиғалары тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап.
Австриялық ORF телерадиокорпорациясының мәліметінше, коронавирус жұқтырған алғашқы екі жағдай Австрияның Тироль федералдық аумағында белгілі болған. Ауру жұқтырған екі адамның да аздаған дене қызуы болыпты. Олардың бірі Ломбардиядан (Италияның солтүстігіндегі әкімшілік аумақ) келген екен. Қазір олар Тирольдағы Инсбрук емханасының жұқпалы аурулар бөлімінде жатыр.
Ал Хорватия премьер-министрі Андрей Пленкович алғашқы коронавирус жұқтыру жағдайы Загребте, Доктор Фран Михайлевич ауруханасында анықталғанын хабарлады.
«Жас жігіт аталмыш аурудың жеңіл түрімен ауырды. Оның жағдайы қазір жақсарды», – деді премьер-министр.
Хорватияның бірнеше ведомствосының басшылары дағдарыс штабы жиналысын өткізіп, вирус таралуын шектеу үшін жаңа шаралар қабылдады. Коронавирус тарала бастаған Италиядан, сондай-ақ, Қытай мен Оңтүстік Кореядан келгендердің бәрі медициналық бақылауға алынды. Қазір ауру жұқтырды деген күдікпен бес науқас оқшауландырылған.
ДДСҰ мәліметінше, қазіргі уақытта Қытайдан тыс аумақтарда, яғни өзге шетелдерде коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 2069 адамға жеткен, 23 адам қайтыс болған.
Бүгінде Қытайдан өзге, Жапония, Оңтүстік Корея және Сингапур елдері коронавирустың жаңа түрін жұқтырғандар саны жағынан алдыңғы орында тұр.