СҚО-да жалған құжат жасап, ауыл тұрғындарының жерін иемденген кәсіпкер сотталды
Алаяқ кәсіпкер 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды
СҚО-да жалған құжат жасау арқылы 5 ауылдың тұрғындарының жер үлестерін банкке кепілге қойып, 600 млн теңгені қалтасына басқан «Жарқын-СК» серіктестігінің басшысы сотталды. Алаяқ кәсіпкер 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабаралайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы 5 ауыл тұрғындарының жерін жалға алған «Жарқын-СК» және «Рамут» серіктестіктері халықтың келісімінсіз жылжымайтын мүлікті банкке кепілге қойып, несие алған. Элеватор салу мақсатында берілген 600 млн теңге мақсатты жұмсалмаған. Қарыз қайтарылмағандықтан Аграрлық несие корпорациясы жерді аукционға шығарған. Кейін ол тұрғындар талабы бойынша саудадан алынып тасталды. Бірнеше жыл бойы өздеріне тиесілі жер үлесі үшін арпалысқан ауыл тұрғындары сотта жеңіп шықты.
Бірлестік, Егінді-ағаш, Дәуқара, Светлый және Қарақамыс. Аталған бес ауылдың 800-ге жуық тұрғыны 42 мың гектар егістік пен жайылымдық жерден айрылып қалған болатын. Тергеу барысында серіктестік басшысы жалған хаттама жасап, құжатқа тұрғындардың атынан басқа біреулер қол қойғаны анықталды. Тіпті дүние салған, ауылдан әлдеқашан көшіп кеткен адамдардың да атынан қол қойылғаны әшкереленді.
Сотта серіктестік басшысы өз айыбын мойындамай, керісінше, өзін ақтауды өтінді. Алайда, оның кінәсі толық дәлелденді. Айыптаушы прокурорлар күдіктіні 9 жылға қамауды сұрады. Судья оны 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сотталушы жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Сондай-ақ, ол 10 жылға дейін басқарушылық және материалдық жауапкершілігі бар қызмет атқара алмайды. Қаржылық және коммерциялық ұйымдарда жұмыс істеу құқығынан айрылды.