Интерпол бүлдіршінді зорлап келген қарағандылық педофилдер отбасын анықтады
Анасы туған қызын 3 жасынан бастап көңілдесімен анайы суреттерге түсіріп, тіпті азғынның зорлауына да рұқсат берген
Қарағандыда кішкентай қыздарына жылдар бойы зорлық көрсетіп келген педофилдер отбасы тұрып келген. Қызын 3 жасынан бастап туған анасы көңілдесімен бірге порнографиялық суреттерге түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялаған. Ұзақ жылдарға жалғасқан жантүршігерлік қылмыс тек «Интерпол» халықаралық ұйымы анықтаған соң ғана ашылып, кінәлілер сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Жалдамалы пәтердегі азғындықты өткен күзге дейін ешкім сезбеген. Тек кішкентай бүлдіршіннің порнографиялық суреттері Интерполдың назарына ілінген. Осыдан соң ғана қылмыстың беті ашылған. Анасы туған қызын 6 жыл бойы көңілдесімен бірге анайы суреттерге түсіріп, жариялап келіпті. Тіпті, туған баласын азғынның зорлауына да жол берген.
Сот ер адамды «Зорлау», «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық», «Жас балаларды азғындық жолға түсіру», «Кәмелетке толмағандардың порнографиялық бейнелерi бар материалдарды дайындау және тарату» баптарымен айыптап, 21 жылға қамады. Ал қорлық көрген қыздың анасын 16 жылға соттады.
«Бұл оқиғаның барлығы анасының көзінше, оның келісімімен болған. Сот психологиялық- психиатриялық сараптама қорытындысында әйелдің есі дұрыс екені анықталды. Сексуалдық зорлық-зомбылық алғаш рет баланың 3 жасында жасалған. Бұл әрекеттер 5-6 жылға жалғасқан», – деді Қарағанды облыстық Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бекзат ШАЛҒЫМБАЕВ.
Жәбірленуші қыз бала қазір 14 жаста, яғни 7-сыныптың оқушысы. Жасөспірімді психологтар мен психиатр мамандар өз қарауына алған. Саран қалалық білім бөлімінің мәліметінше, жәбірленуші қыз анасымен, сіңілілерімен және өгей әкесімен бірге тұрған. Ал оны зорлаған ер адам – анасының көңілдесі. Қызды осы сорақылыққа анасы апарып отырған. Алайда, бұл жағдайды педагогтар байқамаған. Тіпті, оқушының жиі мектеп ауыстыруы да күдік туғызбапты.
«Қыз баладан ешбір ауытқушылық байқалмаған. Тұйықтау бала, бірақ мектеп шараларына қатысып, кәдімгі сабақ оқып жүрген. Бізге келгенде құжаттан Қарағанды қаласында қаншама мектептен мектепке ауысып жүргенін көрдік. Енді шешесін ата-ана құқынан айыру мәселесін қараймыз. Өйткені, өгей әкесі де, туыстары да баланы ала алмайтындарын айтты», – деді Саран қалалық білім бөлімінің бас маманы Светлана ЦАПЛИНА.
Қоғам белсендісі Әлия Садырбаева дертке айналған бұл мәселеге мемлекеттің араласуын талап етеді.
«Еркек үшін туған баласын сату – ақылға қонымсыз дүние. Бұл – қоғамның ауруы. Оны емдеу керек. Мемлекеттің көмегі қажет. Бізде балаларды қорғайтын бірегей құрылым жоқ. Мектептерде психологтар бар. Бірақ 500 балаға 1 психолог не істей алады? Ол балаға бірдеңе болғанын қалай анықтай алады? Содан соң біз «Неге суицидтен 1-ші орындамыз?» деп таң қаламыз», – дейді қоғам белсендісі Әлия САДЫРБАЕВА.
Расында, ел аумағында отбасылық зорлық-зомбылық құрбандары көбейген. Соңғы екі жылда бір ғана Қарағанды облысында балаларға жасалған 30-ға жуық қылмыстық іс тіркеліпті.