$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қостанайда үш жасар бала наркоздан кейін комаға түскен

Әмір есімді үш жасар бала қазір Қостанай облыстық балалар ауруханасында ес-түссіз жатыр

Қостанайда үш жасар бала наркоздан кейін комаға түскен

Осы жылдың 15 желтоқсанында Қостанай облыстық балалар ауруханасында төрт ұл балаға жеңіл урологиялық операция жасалған. Бірақ, дәрігерлер «жеңіл операция» деп атағанмен балаларға оның салдары ауыр тиген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Қостанай өңірлік «Наша газета» басылымына сілтеме жасай отырып.

Ата-аналардың айтуынша, 15 желтоқсан күні 4 жас он айлық Игорь, 3 жас тоғыз айлық Ақназар, 2 жас бес айлық Ерназар және сол күні үш жасқа толған Әмір есімді төрт ұлға анестезия салу арқылы жоспарлы түрде урологиялық операция жасалған.

Операция әр балаға 5-40 минут аралағында жасалғаны белгілі. Ата-аналардың айтуынша, хирургиялық процедураның өзі жақсы өткен. Алайда, екі сағаттан кейін, яғни, балалар наркоздан оянған кезде жағдай қиындаған: ата-аналарының айтуынша, төрт ұл да ес-түссіз, қимылсыз жатқан. Ал, бірнеше сағаттан кейін төртеуінің де дене қызуы көтерілген.

«Төрт баланың да температурасы 40,3 болды деп жазған дәрігерлер. Алайда, мен балалардың қасында болдым. Ұлым Игорьдің дене қызуы 40,6 деңгейінде, комаға түсіп қалған бала Әмірдің дене қызуы 41,4 деңгейінде болды», - дейді «Наша газета» басылымына сұхбат берген Анастасия есімді ата-ана.

Балалардың дене қызуы көтеріліп, ес-түссіз жатқан кезде медбике келіп димедрол және анальгин препараттарынан жасалған сұйықтық еккен.

«Дәрігерлер осы екпеден кейін балалар қатты терлеу керек деді. Бүкіл баланың ішінде осы Әмір қатты терледі, біз тіпті оған қуанған едік. Оның басына орамал салып отырдық. Бірнеше сағат өткен соң ұлдардың қызуы түсе бастады», - деп еске алады Анастасия.

Бірақ, сол күні кешке Әмірдің тынысы тарыла бастаған. Баланың анасы бірден дәрігерлерді шақырып, көрсеткен.

«Баланың тынысын жеңілдету үшін жағын ашқан. Дәрігерлер шошып, жүгіре бастады. Хирург, реаниматолог дәрігерлер келді. Оған алғашқы реанимациялық көмек жанымызда орналасқан балалардың жарасын орайтын кабинетте жасалды. Содан кейін бірден реанимацияға алып кетті. Міне, сол 15 желтоқсаннан бері Әмір есін жиған жоқ», - дейді Анастасия.

Анастасияның балысымға берген бейнежазбасына қарасақ, операцияға дейін төрт ұл да асыр салып ойнап жүрген.

«Баламды бұл ауруханаға сап-сау әкелген едім. Енді, қазір балам қандай күйге түсті...», - дейді басылымға сұхбат берген Әмірдің әкесі Нұрлан есімді азамат.

Ол баласының осындай жағдайға түсуіне кім кінәлі екенін анықтау үшін жергілікті прокуратураға арыз түсірген.

Серіктес жаңалықтары