Оралда «Гарант 24 Ломбард» директоры қамауға алынды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол екі адамның 13,5 млн теңгесін алып, тақырға отырғызып кеткен

Фото: ашық дереккөзден

Оралда екі адамның 13,5 млн теңгесін алып, тақырға отырғызып кеткен «Гарант 24 Ломбард» ЖШС филиалының директоры ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Батыс Қазақстан облысы ПД сілтеме жасап.

Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған ЖШС-ға қатысты екі адам шағым түсірген. Қос арыз бойынша келтірілген шығын құны 13,5 млн теңгені құрайды.

Аталған оқиға бойынша ҚР ҚК 190 бабы 4-бөлігіне (алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жедел іздестіру шаралары барысында «Гарант 24 Ломбард» ЖШС филиалының өңірлік директоры, БҚО-ның 1980 жылғы тұрғыны ұсталды.

Күдікті Орал қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осыған дейін «Гарант-24» ломбардының Тараз, Қарағанды және Павлодар филиалдарының басшылары ұсталғанын хабарлаған едік.