Түркістан облысында жасөспірім қызды пойыз қағып кетті
Биыл елімізде 60-тан астам адам пойыз дөңгелегінің астына түсіп көз жұмған
Түркістан облысында жасөспірім қызды пойыз қағып кетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жыл басынан бері елімізде 60-тан астам адам пойыз дөңгелегінің астына түсіп көз жұмған.
«16 желтоқсанда Манкент стансасында жүк пойызы теміржолды рұқсат етілмеген тұстан кесіп өтіп бара жатқан кәмелетке толмаған қызды қағып кетті. Жүргізуші жедел тежегішті басып, дыбыстық сигнал бергенімен, қыз бала құлаққап пен бас киім киіп алғандықтан, естімей қалған. Зардап шегуші Сайрам ауданының орталық ауруханасына жеткізілді», - деді Көліктегі полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабының 1-бөлігі «Теміржол көлігінің қозғалысы немесе оны пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Ведомство өкілі жыл басынан бері көлік полицейлері темір жолды белгіленбеген жерлерден кесіп өткені үшін 25 403 азаматты анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Сондай-ақ пойыздарды шұғыл тежеуі бойынша 2 162 факті тіркелді.