«Залал сомасы 6,6 млрд теңгеден асады»: Гүлмира Сатыбалдыға қатысты екі дерек бойынша тергеу аяқталды
8 қыркүйекте оған рейдерлік және адам ұрлау бойынша да айып тағылғаны хабарланды
Антикоррупциялық қызмет Гүлмира Сатыбалдыға қатысты кәсіпорындардың қатысу үлестерін заңсыз иемденудің, соның ішінде адам ұрлаумен ұштасқан екі фактісі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жәбірленушіге келтірілген залал сомасы 6,6 млрд теңгеден асады.
«Биылғы 15 желтоқсанда прокуратураға күдіктілерді сотқа беру туралы мәселені шешу үшін қылмыстық іс айыптау актісімен бірге жіберілді. Гүлмира Сатыбалды, оның бақылауындағы «Ария-Жаңа Астана» ЖШС компаниясының басшылығы және мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары объектілерді салуға бөлінген бюджет қаражатын ұрлады деп күдіктеліп отыр. Тергеу сатысында мемлекетке келтірілген залал толығымен өтелді», - делінген хабарламада.
Осы факт бойынша да сотқа дейінгі тергеу аяқталып, іс күдіктілер мен олардың адвокаттарына танысуға берілді.
«Сатыбалды Г.-ға қатысты бизнесті басып алудың және заңсыз бас бостандығынан айырудың басқа эпизодтары бойынша тергеу жалғасып жатыр», - делінген хабарламада.
Еске салайық, Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды Универсиада-2017 нысандарын жөндеуге бөлінген қаржыны жымқырды деген күдікке ілінген. 8 қыркүйекте оған рейдерлік және адам ұрлау бойынша да айып тағылғаны хабарланды.