«Адам өлімі азаматтық іс ретінде тіркелді»: СҚО-да құрылыста қаза болған жұмысшының туыстары әділдік іздеп жүр

Қайғылы жағдай 5 желтоқсан күні болған

«Адам өлімі азаматтық іс ретінде тіркелді»: СҚО-да құрылыста қаза болған жұмысшының туыстары әділдік іздеп жүр
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

5 желтоқсан күні Петропавлда «Құрылыс-Сервис-СК» компаниясының жұмысшысы 1,5 метр биіктіктен құлап мерт болды. Құзырлы органдар аталған дерек азаматтық кодекс шеңберінде ғана тергелетінін айтқан. Марқұм Қалел Мәденовтың туыстары бұнымен келіспейді. Қайтыс болған құрылысшының бауыры әділдік іздеп шарқ ұрып жүр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Фотода Еркебұлан Мәденов

БАС СҮЙЕГІ 20 ЖЕРДЕН СЫНҒАН

Қайғылы жағдай 5 желтоқсан күні Петропавл қалаында Мағжан Жұмабаев көшесінде салынып жатқан 121-ші үйдің құрылыс алаңында тіркелді. Марқұмның інісі Еркебұлан Мәденовтың айтуынша, ағасының бас сүйегі 20 жерден сынған.

«Ағам «Құрылыс-Сервис-СК» компаниясымен еңбек шартын жасамаған болып шықты. Келісім-шартта жұмысшы тек қызмет көрсетуші ретінде тіркелген. Бұл компанияның өз жауапкершілігінен қашу мақсатында жасап отырған құйтырқылығы деп білемін. Ол заңды тұлға емес, жеке тұлға ретінде еңбек етті. Есесіне жұмысшылардың құрылыс алаңына келіп-кетуін тіркеп отырған журнал бар. Бұл оның нысанда болғанын, өзінің еңбек міндетін орындағанын дәлелдейді. Аталған нысанда қауіпсіздік ережелері сақталмаған. Өзім де құрылысшымын. Ағам құлаған саты 1,3 метр биіктіктен жоғары болған. Ол зауыттан шығарылған, арнайы сертификаты бар зат болуы тиіс. Ал бұл жердегі саты қалай болса солай, қолдан жасалған. Оны құрылыста пайдалануға болмайды», - дейді марқұмның бауыры.

МАРҚҰМНЫҢ АРТЫНДА 3 БАЛАСЫ ҚАЛДЫ

Еркебұлан Мәденовтың айтуынша, дәрігерлер ағасының бас сүйегі 20 жерден сынғанын айтқан. Құрылысшыға ауруханада шұғыл түрде 3 ота жасалған. Алайда, оның нәтижесі болмады.

«Бұл құрылыс компаниясы Петропавлда 7 көпқабатты үй салып жатыр. Демек, кедей емес. Қазір ақшасы бар адамдар бәрін істей алады деп ойлаймын. Заңгерлері де мықты. Ал құрылыс нысандарында қауіпсіздік ережелері сақталмаған. Алаң қоршалмаған. Балкондары да ашық-шашық. Биік крандарда жүк көтергішін шектегіштер жоқ. Құрылыс техникасын олай пайдалануға болмайды. Ол тұрғындар үшін қауіпті. Кран құлап кетуі мүмкін. Жауапты органдар ештеңені қадағалап отырған жоқ. Қазір тергеу жүріп жатыр. Демек, жұмыс тоқтатылып, нысан қоршалуы тиіс еді. Алайда олай болған жоқ. Құрылыс бір сәтке тоқтаған жоқ. Адвокат жалдап, өз тергеуімді жүргізіп жатырмын. Өзім де құрылыс саласында 15 жыл еңбек етіп жүрмін. Барлығын бүге-шігесіне дейін білемін», - дейді ол.

АДАМ ӨЛІМІ АЗАМАТТЫҚ ІС РЕТІНДЕ ТІРКЕЛДІ

Марқұм 47 жаста болған. Соңында 3 баласы қалды. Екеуі мектепте оқиды. Құрылыс саласында 20 жыл еңбек еткен. Соңғы жылдары тас қалаушы қызметін атқарған. Облыстық мемлекеттік еңбек инспекцясы адам өлімі дерегіне қатысты түсінік берді.

«2022 жылғы 05 желтоқсанда сағат 15:20 шамасында Чкалов-Уәлиханов-Мүсірепов-Назарбаев көшелерінің шекарасындағы 126 пәтерлік үй құрылыс объектісінде жазатайым оқиға болды. Алған жарақат салдарынан 20.01.1975 жылы туған Қалел Төлегенұлы Мәденов қайтыс болды. «Құрылыс-Сервис-СК» серіктестігі қайғылы оқиға туралы хабарлама жасады. Мәденов өз міндетін орындау кезінде сатыдан тайып құлаған. Басына бетон езетін ыдыс түскен. ҚР Еңбек Кодексінің 186-бабына сәйкес «қызметкерлердің еңбек қызметіне байланысты және еңбекке жарамсыздыққа не өлімге әкеп соққан денсаулығына зиян келтіру жағдайлары» тергелуі тиіс. Алайда қаза тапқан Қ.Т. Мәденов пен «Құрылыс-Сервис-СК» ЖШС арасында азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жасалғандықтан, бұл құқықтық қатынастар ҚР Азаматтық кодексімен реттеледі. Жоғарыда айтылғандардың негізінде бұл жазатайым оқиға ҚР Еңбек кодексінде көзделген арнайы тергеуге жатпайды», - дейді СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Азат Көшербаев.

МАРҚҰМНЫҢ ТУЫСТАРЫ МАТЕРИАЛДЫҚ КӨМЕКТЕН БАС ТАРТТЫ

Петропавл қалалық полиция басқармасының мәліметінше, ҚР ҚК 156-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі материалдар тергеліп жатыр.

«Ер адамның қайтыс болуына байланысты қылмыстық іс ҚР ҚК 156-бабының 3-бөлігі бойынша қайта сараланды. Қазіргі уақытта істің мән-жайын зерделеуге бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданбақ», - дейді облыстқ Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Мадина Ерғалиева.

Қайтыс болған тас қалаушы Астана қаласында тұрған. Петропавлға жұмыс істеу мақсатында келген. Інісі Еркебұлан Мәденов бастаған ісін соңына дейін жеткізуге бекініп отыр.

«Ағамды жоғалттым, оны қайтару мүмкін емес. Алайда, жұмыс берушінің салғырттығынан басқа адамдар жақындарынан айрылмаса екен деймін. Бүгін компанияның заңгері хабарласты. Материалдық көмек ұсынбақ болды. Мен одан бас тарттым. Маған ақша емес, әділдік керек. Адам өліміне айыпты адамдар заң алдында жауап беруі тиіс. Ағамды жер қойнауына тапсырғанымызға көп уақыт өткен жоқ. Жақын адамымды жоғалтып, абдырап қалдым», - деді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.