Алматы-2 вокзалының ғимаратынан өрт шықты
Қалалық ТЖД өрттен ешкімнің зардап шекпегенін айтты
Бүгін Алматы-2 вокзалының ғимаратынан өрт шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, сағат 14:08-де Алматы қаласы Жетісу ауданы Абылайхан даңғылы, 1 мекенжайында орналасқан Алматы-2 вокзалының ғимараты, атап айтқанда вокзал ғимаратының төбесі өртеніп жатқаны туралы хабар түскен.
«Оқиға орнында төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері - жеке құрамнан 43 адам және 14 техника жұмыс істеп жатыр. 100 шаршы метр аумақта вокзалдың бас ғимараты шатырының ағашы өртенді. Адамдар ғимараттан өз бетінше шығып кетті, ешкім зардап шеккен жоқ», - делінген ТЖД хабарламасында.
Өрт сағат 14:30-да өрт оқшауланып, сағат 14:50-де өрт толық сөндірілді.
«Вокзал штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Пойыздардың кешігуі болған жоқ», - делінген хабарламада.