Қарағандыда шетелдік азаматты ұрлап әкетіп, ақша бопсалағандар ұсталды
Олар Үндістан азаматынан 200 мың АҚШ долларын талап еткен
Қарағандылық полицейлер Үндістан азаматын ұрлап әкеткендерді ұстады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қарағанды полициясына 27 жастағы үндістадық азамат арызбен шағымданып, белгісіз біреулер күштеп автокөлікке отырғызып, Астана қаласына алып кеткені туралы хабарлаған.
Елордада шетел азаматын пәтерге апарып, қорқытып, күш қолдану арқылы босату үшін 200 мың АҚШ долларын талап еткен.
«Қарағанды облыстық Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен жүргізілген арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Астана қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірі анықталып, ол жерден бопсалау, адамды ұрлап әкету күдігімен жастары 26 мен 34 жас аралықтарындағы төрт Өзбекстан азаматы ұсталды. Қазіргі уақытта адам ұрлау, заңсыз бас бостандығынан айыру және бопсалау баптарымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», – деп хабарлады Қарағанды облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.