Ақтөбе облысында жол апатынан бір адам қаза тауып, тағы бір адам ауруханаға жеткізілді
Қайғылы жол-көлік апаты 19 қарашада болған

Ақтөбе облысында жол-көлік апаты салдарынан бір адам қаза тауып, тағы бір адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қайғылы жол апаты 19 қарашада болған.
Белгілі болғандай, Toyota Camrу көлігінің 48 жастағы жүргізушісі Қарғалы ауылындағы Сәтпаев көшесімен жүріп келе жатып, жолдың тайғақ бөлігіндегі жол-метеорологиялық жағдайларды ескермеген. Соның салдарынан көлік сырғанап, қарсы жолақта келе жатқан Ssang Yong көлігімен соқтығысқан.
«Жол-көлік апаты салдарынан Toyota Camry көлігінің 50 жастағы жолаушысы алған жарақатынан оқиға орнында қайтыс болды. Екінші жолаушы, 34 жастағы әйел Ақтөбе қаласының АМО нейрохирургия бөлімшесіне жатқызылды», - делінген хабарламада.
Қазіргі кезде аталған дерек бойынша тиісті сараптамалар тағайндалып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.