Түркістандық дәрігерлер клиникалық өлімге ұшыраған науқасты аман алып алды

Автор: Azattyq Rýhy

Құтқару тобы оқиға орнына 7 минутта жеткен

Кезекшілікте болған түркістандық жедел жәрдем бригадасы клиникалық өлімге ұшыраған науқасты құтқарды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

Облыстық жедел жәрдем қызметіне қоғамдық орындардың бірінде бейтаныс әйелдің құлап жатқаны туралы хабар келіп түскен. Құтқару тобы оқиға орнына 7 минутта жеткен. Ес-түссіз жатқан әйелге дәрігерлер «клиникалық өлім» диагнозын қойыпты.

Медициналық қызметкерлер жүрек пен өкпе жұмысын қалпына келтіру үшін шұғыл шара қолданып, нәтижесінде науқастың беті бері қараған. Аман қалған 41 жастағы әйел дәрігерлік есепте тұратын 2-ші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан екен.

Ал, кәсіби міндетін абыроймен атқарған фельдшер Арман Сағидулат науқасты құтқару барысында қобалжығанын жасырмады.

«Барлық күш-жігерімізді салып, дәрігерлік көмек көрсету менің міндетім деп білемін. Әрбір аман қалған жан - мен үшін үлкен қуаныш», - дейді Түркістан қалалық медициналық жедел жәрдем қызметкері.

Дәрігерлер науқасты санитарлық көлікпен ауруханаға жеткізген. Қазір оның жағдайы бір қалыпты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.