ІІМ: Қордайдағы жанжал бойынша қозғалған қылмыстық іс саны 90-ға жетті

Автор: Azattyq Rýhy

Сондай-ақ  бүгінге дейін 100-ге жуық адам тергелген

Фотоколлаж: Inbusiness.kz

Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев Қордай ауданында болған оқиға бойынша 90-ға жуық қылмыстық іс қозғалғаны жайлы мәлімдеді.

«Қылмыстық іс өте көп. Оның 11-і адам өлтіру дерегі бойынша. Күн сайын жаңа фактілер қосылып жатыр. Түрлі эпизодтар бойынша 90-ға жуық қылмыстық іс қозғалды», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, Қордайдағы жанжал бойынша бүгінге дейін 100-ге жуық адам тергелген. Алайда, қамалғандар туралы мәлімет жоқ.  

Естеріңізге сала кетейік, жақында Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің директоры Санжар Әділов Қордайдағы жанжалға қатысты 25-тен астам қылмыстық іс қозғалғанын айтқан еді.

Ал, кеше Бас прокуратураның баспасөз қызметі Қордай ауданында полицейлерге бағынбай, оларға күш көрсеткен ағайынды үш жігіт ұсталғаны жайлы хабарлады.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан