Алматыда пластикалық ота жасатқан 36 жастағы әйел ажал құшты
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды
Төрт баланың анасына жасалған пластикалық операция сәтсіз аяқталған. 36 жастағы Жәмила Жылқайдарова үш күн бұрын жеке клиникада көз жұмды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Ал орталық хирургтері келіншектің көз жұмғанын туыстарына кеш жеткізіпті. «Осылай шындықты жасырғысы келген», - дейді марқұмның жақындары. Қазір аталмыш іспен полиция айналысып жатыр.
Алматылық Жәмила Жылқайдарова әдемі, әрі сымбатты көріну үшін тері астындағы майын алдыруға бел буған екен. 36 жастағы келіншек пластикалық отаға ұзақ дайындалған. «Тіпті Мәскеуге барып мамандардан кеңес алды» дейді жақын құрбысы. Өзі де былтыр осы клиникада липосакция жасатып, яғни, денесіндегі артық майын алдыртыпты.
«Дене бітімін түзеймін» деп өмірмен қош айтысқан келіншек ота жасатуға 3 млн 100 мың теңге төлеген. Оның қазасы туралы алғаш болып қайын ағасы естіпті. Клиникаға бірінші болып жеткен Азамат Ауылбековтің болжамынша, келіні Жәмила хирургтар айтқан уақыттан ерте көз жұмған. Ал жақындарына кеш хабарлануын «ізін жасырудың амалы» деп түсінеді марқұмның жақындары.
«Егер келініміз таңғы 7-де көз жұмса, мына жерде жедел жәрдем, полиция болатын еді. Мен клиникаға сағат 11-де келген кезде ешкімді көрмедім. Есесіне, клиниканың адвокаты жүр. Бұлар алдын ала дайындалған. Келініміз жұма күні үйден өз аяғымен кеткен. Оны отадан кейін мейірбикенің қарауында қалдырғаны анық. Бақылау камерасынан сол күнгі жазбалар өшірілген. Пластикалық ота жасай алмайтын орталықты мүлдем жабу керек», - дейді марқұмның қайын ағасы Азамат Ауылбеков.
Қазір адам денесіндегі майды хирургиялық әдіспен алатын дәрігерлер тергеліп жатыр. Жарнамасы жер жарған медициналық орталықтың есігі жабылып, Қылмыстық кодекстің 317-бабымен іс қозғалды.
«Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Алдын ала болжам бойынша, медициналық қызметкерлер өз қызметіне немқұрайлы қарағандықтан және дер кезінде медициналық көмек көрсетпегеннің салдарынан адамның өлімі болуы мүмкін», - деді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Сараптама қорытындысы 20 күннен соң әзір болады. Құзырлы орган медициналық орталықтың лицензиясын тексермек. Ал бүгін Талдықорғанда Жәмила Жылқайдарованы ақтық сапарға шығарып салады. 36 жастағы келіншектің артында жолдасы мен төрт баласы қалды.