Астанада пәтерді жалға алушы үй иесінің қымбат телефонын ұрлап, көшіп кеткен
26 жастағы күдікті ұсталды

Астанада пәтерді жалға алушы үй иесінің қымбат телефонын ұрлап, көшіп кеткен. Тергеу барысында оның Петров көшесіндегі пәтерде бөлме жалдағаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана қаласы ПД Баспасөз қызметі хабарлағандай, ер адам онда екі ай тұрған. Ол кешкі уақытта үй иесі жұмысқа кетіп, оның кәмелетке толмаған ұлы ұйықтап жатқан сәтті пайдаланып, 600 мың теңге тұратын «iPhone 13» маркалы ұялы телефонды ұрлап кеткен. Ұрлық жасағаннан кейін күдікті заттарын алып, көшіп кетеді.
Жәбірленуші полицияға жүгінді. "Алматы" аудандық Полиция басқармасының қызметкерлері күдіктіні ұстады. Ол мойындау көрсетпелерін берді. Ұрланған телефонды ұры сатып үлгерген.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, ұсталған азаматтың елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.