БҚО-да көлік аударылып, жүргізуші мен жолаушы қаза тапты
Қайғылы оқиға 24 қазанда Орал-Тасқала тасжолында болған
Батыс Қазақстан облысында жеңіл көлік жол жиегіне аударылып, ішінде отырған барлық адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 24 қазанда сағат 08.30-да Орал-Тасқала тасжолының 28-шақырымында болған.
«Nissan Almera көлігін басқарған 18 жастағы жүргізуші рөлге ие бола алмай, көлігін жол жиегіне аударылып кеткен. Соның салдарынан жүргізушінің өзі, сондай-ақ оның 18 жастағы жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды», - делінген хабарламада.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.