Сот «Зерде» холдингіне қатысты Арман Әбдірасыловтың шағымын қанағаттандырмады
Шешім заңды күшіне енген жоқ
«Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ басқарма төрағасы Арман Әбдірасылов компанияны тарату туралы шешімді сот арқылы дауламақ болғанымен, сот оның өтінішін қанағаттандырмай тастады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Астана қаласы сотының баспасөз қызметі хабардар еткендей, холдингке қатысты бұған дейінгі сотта қабылданған шешімдер толық негіздеген әрі заңды болаған.
«Әбдірасылов А.А. елорданың экономикалық сотына «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ тарату комиссиясының 2022 жылғы 11 тамыздағы және 7 қыркүйектегі шешімдерінің күшін жою туралы арызбен жүгінді. Талап арызға компанияны тарату комиссиясының тек тарату қызметі бөлігінде ғана шешім қабылдауға құқылы екені, сондай-ақ өкілеттіктерін тоқтатып, жаңа Директорлар кеңесін сайлау сияқты, бұрын қабылданған шешімдерінің күшін жою да Директорлар кеңесінің құзыретіне жатпайтыны негіз болған», - делінген сот хабарламасында.
Айта кетсек, «Зерде» холдингі» АҚ атқарушы органының өкілеттігі берілген «Зерде» холдингі» АҚ-ын тарату комиссиясы Үкімет қаулысымен, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі 2022 жылғы 8 тамызда міндетін атқарушының бұйрығымен құрылған болатын.
«2022 жылғы 8 тамыздағы хаттамамен Директорлар кеңесі еншілес ұйымдардың басшыларын тәртіптік жауапкершілікке тарту, басқарма мүшесінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату, басқарма мүшесі ретінде сайлау туралы шешім қабылдады. 2022 жылдың 11 тамызында компанияны тарату комиссиясы 8 тамыздағы шешімінің күшін жойып, «ҰАТ» АҚ Директорлар кеңесінің, «QazInnovations» Инновациялық даму ұлттық агенттігі» АҚ, «Халықаралық IT-стартаптар технопаркі – Astana Hub» корпоративтік қоры Қамқоршылық кеңесінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатты», - делінген іс материалдарында.
Тарату комиссиясы 2022 жылғы 7 қыркүйектегі №12 хаттамамен Директорлар кеңесінің құрамын анықтау және Директорлар кеңесін сайлау туралы шешім қабылдады. Осыдан кейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі бұйрығымен Арман Әбдірасыловпен еңбек қатынастары тоқтатылды.
«Сот талапкердің талаптарын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдады, өйткені 2022 жылдың 8 тамызынан бастап жалғыз акционердің/құрылтайшының өкілеттігі «Зерде Холдингі» АҚ тарату комиссиясына берілді, осыған байланысты қабылданған шешімдер толығымен заңды және негізді. Сонымен қатар қабылданған шешімдермен Әбдірасылов А.А.-ның құқықтары бұзылмаған, себебі онымен еңбек қатынастары тоқтатылған», - деп түсіндірді сот.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, компанияны тарату туралы хабарландыру «Зерде» холдингінің сайтында тамыз айының ортасында жарияланған болатын.