Шортанды ауданында алты балалы ана балаларын өрттен жалғыз құтқарып қалды
Сайрангүл Тілек қазір жергілікті әкімдіктің уақытша берген екі бөлмелі пәтерін паналап отыр

Шортанды ауданы Степное елді мекенінде жалғызбасты ана Сайрангүл Тілек түн ішіндегі өрттен балаларын өзі аман алып шыққан. Үлкен апаттың алдын алу үшін ол үйдегі газ баллонын да өзі сыртқа шығарған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Редакциямызға Шортанды ауданы Степное ауылында тұратын Сайранүл Тілек есімді азаматшаның жақындары хабарласты. Олар жалғызбасты ананың үйі өртеніп, далада қалғанын айтты. Оқиға орнына келген жергілікті әкімдік өкілдері әйелге қыстап шығу үшін екі бөлмелі үй берген. Өзіне хабарласқан журналистерге Сайрангүл Тілек өрттің неден шыққанын айтып берді.
«Түн ортасында үйдің терезелері шытынаған дауыс шықты. От үйдің ішіне лап берген. Кіреберіс жаққа қарай ұмтылып едім, есікті ашу мүмкін емес. Бірден терезені ашып, сыртқа шығып, кіреберіс жаққа бардым, ол жақтан шығу мүмкін болмады, оттан есік ашылмайды. Содан, терезені ашып, балаларды алып шықтым», - дейді ол.
Сайрангүлдің айтуынша, өрт үйдің алдында, сыртта тұрған диваннан басталған. Балаларын аман алып шыққан соң, үйге қайта кіріп, газ баллонын сыртқа алып шыққан.
«Жолдасымның өмірден өткеніне бес жылдан асты. Ол кісі қолынан қаза тапқан болатын. Күйеуім тірі кезінде үй салатын жердің кезегіне тіркелген еді. Бірақ ол қаза тапқан соң, кезек автоматты түрде жойылып кетті, жүйе солай екен», - дейді Сайрангүл Тілек басты уайымы баспана мәселесін қозғай келе.
Жолдасы қаза тапқан әйелге жақындары жаңа салып жатқан үйлерін берген.
«Сол кезде мамам өзінің салып жатқан жаңа үйін “өзіңнің қолың үйге жеткенше, тұра тұр” деп маған берген. Енді, кеше ол үйдің түгі қалмай өртеніп кетті», - дейді қамыққан ана.
Сайрангүл Тілектің ең үлкен қызы – 19 жаста, ол жуырда тұрмысқа шыққан.
«Одан кейінгі екі балам – студент. Олардан кіші балаларым – мектеп жасында. Шортанды әкімдігі келіп, уақытша екі бөлмелі пәтер бере тұрамыз деді. Бірақ қыстап шыққан соң, қайда барамын», - дейді ол.
Жергілікті әкімдік болса, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар баспананы үй кезегінде тұрып қана ала алатынын айтып отыр. Дегенмен, Сайрангүл Тілек ондай баспана кезегіне ұзақ уақыт бұрын құжат тапсырдым дейді. Қазір қазақстандықтар бір түннің ішінде үйінен айырылған жалғызбасты анаға көмек қолын созу үшін арнайы шот ашып отыр.
Аудандағы әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың баспана мәселесі туралы редакция Ақмола облысының әкімдігіне сұраухат жолдайды.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр күзде Шортанды ауданындағы үйлердің бірінде газ баллоны жарылып, алты адам, соның ішінде, үш баласымен бір ана және екі ерлі зайыпты қаза тапқан болатын.