Шымкентте кәсіпкерлерді бопсалаумен айналысып келген қылмыстық топ ұсталды
Қазіргі кезде олардың басқа қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр
Шымкентте полицейлер кәсіпкерлерді бопсалаумен айналысқан қылмыстық топты ұстады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Шымкент қаласы Полиция департаментіне жеке кәсіпкер бейтаныс екі азаматтың бопсалағаны туралы арызбен жүгінген.
«Оны күшпен қорқытқан ер адамдар жәбірленушіге тиесілі Toyota Camry 70 автокөлігін тартып алған. Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы (Қорқытып алу) бойынша тіркеліп, қылмыстық іс қозғалды», - делінген хабарламада.
Аса ауыр қылмысты ашу мақсатында Шымкент қалалық Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері барлық қажетті жедел-іздестіру шараларын жүргізді.
Нәтижесінде бірнеше күннің ішінде тергеушілер бопсалау жайтына қатысы бар күдіктілердің жеке басын анықтады. Екеуі де жергілікті тұрғындар, біреуі бұрын бірнеше рет сотталған.
«ҰҚҚКБ-ның қызметкерлері күдіктілердің бірін тұрғылықты мекенжайында қолға түсірді. Ал сыбайласы қаладағы қонақ үйлердің бірінде ұсталды. Олардан екі аңшы пышағы, 160 оғымен пневматикалық тапанша, 21 оғымен АК-47 автоматы және Макаров тапаншасының қабын тәркіленді. Қазіргі таңда күдіктілер қамауда. Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ полиция қызметкерлері ұсталған азаматтардың қазан айының басында өздігінше билік ету арқылы тағы бір жәбірленушіге тиесілі Iphone 13 Pro Max ұялы телофонын алып қойып, қайтармай қойғанын анықтады. Бұл туралы арыз Еңбекші АПБ-да тіркелген”, - делінген хабарламада.
Жедел уәкілдер қылмыстық топтың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоқтығын тексеріп жатыр.