Павлодарда 200-ден астам шетелдік елде болу ережесін бұзған
Сотқа 180 әкімшілік материал жолданды
Заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл мақсатында 10-17 қазан аралығында республика аумағында «Нелегал» алдын алу іс-шарасы өткізілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Алдын алу іс-шараның нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзған 228 шетелдік анықталды және әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сотқа 180 әкімшілік материал жіберілді. Оларды қарау нәтижелері бойынша 25 азаматқа қатысты оларды елден шығару туралы шешім қабылданды. Қазақстан Республикасында 158 шетелдік азаматтың уақытша болу мерзімі қысқартылды. Полицейлер шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланудың 23 фактісін анықтады. Барлық факті бойынша шетелдіктерді жұмысқа заңсыз жалдаған жұмыс берушілер ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деді Павлодар облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Дәулет Ысқақов.
Павлодар қаласы ПБ қабылдағыш-таратушы бөлмесіне жеке басын анықтау үшін 8 азамат орналастырылды.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының 97 азаматына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабы бойынша шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болудың белгіленген ережелерін сақтамағаны үшін әкімшілік хаттамалар жасалды.
ЖАІШ барысында ұрлық жасағаны үшін іздеуде жүрген 2 қылмыскер анықталды.