Солтүстік Қазақстанда 20 күннен артық іздестірілген адамның денесі табылды
Алдын ала болжам бойынша ол суға батып кеткен

Солтүстік Қазақстан облысында іздеу жарияланған Сергей Лебедевтің денесі табылды. Ол үш аптадан артық уақыт бойы іздеуде болған еді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Петропавлдың 42 жастағы тұрғыны Сергей Лебедев 21 қыркүйек күні түс кезінде үйінен шығып кеткен. Туғандарына Қызылжар ауданы Красный Яр елді мекенінің маңындағы Есіл өзенінде балық аулайтынын айтқан. Содан бері ер адамнан ешқандай хабар-ошар болмаған.
Жоғалған азаматты іздеуге полицейлерден бөлек волонтерлер, еріктілер атсалысты. Олар бірнеше рет аталған аумақты, яғни Есіл өзенінің жағалауын, батпақты жерлерді, орманның ішін, жолдардың бойын аралап, ешқандай нәтиже шықпаған.
16 қазанда учаскелік полиция инспекторы ер адам балық аулаған маңнан оның денесін тапты. Алдын ала болжам бойынша ол суға батып кеткен. Марқұмның денесі айдыннан шығарылып, тиісті сараптамалар тағайындалды.
Ал, 24 қыркүйекте үйінен белгісіз жаққа кеткен Юрий Анатольевич Волосников әлі күнге дейін табылған жоқ. Сол күні ер адамның үстінде қоңыр түсті жеңіл күртеше, көк түсті джинсы болған. Бойы шамамен – 160 см, дене бітімі арықша келген. Іздеу жұмыстарына солтүстікқазақстандық полиция бөліністерінің қызметкерлері тартылған. Волонтерлер әлеуметтік желілерде бағыт-бағдар таратып, іздеу іс-шараларына көмектесіп жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан 432 адам жоғалды. Оның 426-сы табылып, үйлеріне қайтарылды. Қалғандары әлі де іздестірілуде. Мамандардың айтуынша, көбіне жасөспірімдер мен ақыл-есін жоғалтқан тұрғындарға туыстары іздеу жариялайды. Біріншілердің үйлерінен кетіп қалуына негізінен үйдегі жанжал себеп болса, екіншілері жиі адасып кететін көрінеді.