Қостанай облысында үш жыл бойы полициядан жасырынып жүрген нигериялық азамат ұсталды
Өңірде 4 күн ішінде елден 11 шетелдік шығарылған

Қостанай облысында үш жылдан астам уақыт полициядан жасырынған шетелдік азамат ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, өңірде өтіп жатқан жедел алдын алу іс-шарасы аясында 4 күн ішінде елден 11 шетелдік шығарылған.
Облыстың 100-ден астам тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олар ішкі істер органдарына шетелдіктердің тұрып жатқаны туралы мәлімет бермеген.
«Полицейлер Нигерия елінің азаматын ұстады. Ер адам ішкі істер органдарынан 3 жылдан астам уақыт жасырынған. Осы уақыт ішінде шетелдік азамат елден шығару туралы соттың шешімін орындамай, Қазақстанның әртүрлі қаласын мекен етіп келген», - деді облыс ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Қайрат Дүтпаев.
Оның айтуынша, Қостанай қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотымен шетелдікке жүріп-тұру бостандығын алдын ала шектеу шаралары қолданылды. Ер адам алдағы уақытта мәжбүрлеп шығару үшін арнайы қабылдағышқа орналастырылды.
«Облыстық бюджеттен көзделген қаражатпен Алматы-Доха әуе қатынасы арқылы билеттер сатып алынды. Полиция қызметкерлері шетелдік құқық бұзушыны Алматы қаласының әуежайына алып барды», - деді Қ. Дүтбаев.
Айта кетейік, заң жүзінде бұзушыға 5 жыл ішінде елге кіруге тыйым салынады.