Маңғыстау соты мысықты аяусыз азаптаған ер адамға неліктен жеңіл жаза берілгенін түсіндірді
Ер адамның жеңіл жаза алуы желідегі жұрттың ашу-ызасын туғызған
Маңғыстау облыстық соты мысықтың басына секіріп жазым қылған ер адамға 60 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады. Ер адамның мұндай жеңіл жаза алуы желідегі жұрттың ашу-ызасын туғызғандықтан, Маңғыстау соты Facebook желісінде пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабының 1-бөлігімен Ордабаев Д.-ға қатысты сот өндірісіне қатысушылар сотта біліктілік талаптарын даулаған жоқ. Соттың өз бетінше одан да ауыр айып тағуға құқығы жоқ. Прокурор ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 340-бабына сәйкес айыпты өзгертуге құқылы, бірақ бұл құқықты пайдаланбады», - делінген сот хабарламасында.
Сот «қылмыстық іс жүргізу заңнамасында елеулі заңбұзушылықтар» анықталмағаны және істі прокурорға қайтаруға негіз жоқ екенін атап өтті.
«Сот тағылған айып шеңберінен шығуға құқылы емес, осыған байланысты Д. Ордабаевқа аталған баптың санкциясы шегінде үкім шығарылды», - деп түсіндірді сот.
ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабының 1-бөлігінде 120 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, немесе 120 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не отыз тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу түріндегі жаза көзделген.
Тақырыпқа орай: Ақтауда мысықтың басына секіріп жазым қылған ер адам қамауға алынды
Сот айыпталушының кінәсін толық мойындау, істеген ісіне өкіну сияқты жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, жаза тағайындаған.
«Сот өз бастамасы бойынша ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - делінген хабарламада.