$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.02.2020, 01:46
Оқиғалар

Шымкентте қонаққа барып уланып қалған отбасының сәбиі қайтыс болды

Бүтін бір отбасы қандалаға қарсы себілген дәріден улануы мүмкін деген болжам бар

Шымкентте қонаққа барып уланып қалған отбасының сәбиі қайтыс болды

Түркістан облысы Ордабасы ауданыннда тұратын отбасы Шымкентте тұратын туыстарына қонаққа келіп, уланып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.

 «13 ақпан күні сағат 7:45 шамасында Шымкенттегі Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығына 2014 және 2017 жылдары туған екі бала жеткізілді. Олар белгісіз заттың әсерінен қатты уланып қалған, бірінші-үшінші дәрежеде улы шок алған. Балалар жансақтау бөліміне жатқызылды, олардан алынған анализдер зерттеуге жөнелтілді. Балаларға толықтай медициналық көмек көрсетілді. Сондай-ақ, олар келген мекенжайдан дәл сондай диагнозбен 2000 және 2002 жылдары туған тұрғындар жеткізілді. Біз оларды тексеріп, алғашқы медициналық жәрдем көрсеттік, олар қазір қолхатпен үйлеріне қайтарылды. Дәрігерлер ол науқастардың мәліметтерін тұрғылықты жердегі емханаға жіберді», – деді Гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері Мәдина Ермағамбетова.    

«Солтүстік» шағынауданындағы сол пәтерден қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына ата-анасы 2019 жылы туған сәбиін клиникалық өлім күйінде жеткізген. Дәрігерлер сәбидің биологиялық өлімі дерегін анықтаған. Қайтыс болған бала – Түркістан облысының Ордабасы ауданының тұрғыны. Отбасының өзге мүшелері қазіргі уақытта белгісіз заттан улануы себепті токсикологиялық орталықта жатыр. 

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері газды анализатор арқылы тұрғын-жайды тексеріп шыққан. Улы газ немесе ыс иісі табылмапты. Шымкент қаласының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің қызметкерлері азық-түліктен талдау үлгілерін алған. 

Дегенмен, бүтін бір отбасының уланып қалуына астыңғы қабаттағы пәтерде қандалаға қарсы себілген дәрі себеп болуы мүмкін деген күдік бар. ТЖД қызметкерлері қазірше талдау нәтижелері белгісіз болғандықтан, қандай да бір қорытынды жасауға ерте екенін айтты.  

Серіктес жаңалықтары