Мақтааралда жалғызбасты әйел үйінің ауласына сора еккен
Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

Мақтааралда үйінің ауласына сора еккен әйел анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
“Қарасора-2022” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, есірткі затын өсіру, баптау, тасымалдаумен айналысушаларды анықтау, жолын кесу мақсатында жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізуде. Осы аралықта полицияға мақтааралдық тұрғынның бірі өз ауласына есірткі өсіретіндігі туралы хабарлама келіп түсті.
Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 300-бабы (Құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп өсіру) бойынша тіркеуге алды.
Ақпаратты растау негізінде Түркістан облысы ПД-ның әуеге ұшатын камерасы (дрон) алынды. Аталған құрылғымен Мақтаарал ауданына қарасты елдімекендер мен Сырдария өзенінің жағалаулары, тоғайлы және егістік алқаптарында тексеру жұмыстары тыңғылықты жүргізілді. Соның нәтижесінде полицейлер ауласында есірткі егілген үйді анықтады.
Күдікті орта жастағы әйелдің ауласына тінту жүргізу барысында 3 түп есірткіге ұқсас өсімдік айғақты зат ретінде алып, сараптамаға жолданды. Нәтижесінде алынған зат сора есірткісі болып шықты. Қазіргі таңда күдікті жалғызбасты әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.