Масаншыда өртенген сауда үйінің астынан адам мәйіті табылды
Бұған дейін Қордайда болған жанжал құрбандарының саны 10 адам деп хабарланған болатын
Қордай ауданы Масаншы ауылында болған қақтығыс кезінде өртенген сауда үйін тазалау кезінде, үйінділер астынан адамның мәйіті табылды. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі Қанат Құлшыманов мәлімдеді.
«11 ақпан күні сағат 12:07-де Жамбыл облысы Полиция департаментінің кезекші бөліміне, Қордай ауданының Масанчи ауылында, сауда орталығы ғимаратын (өрттен кейін шатырдың құлауы болған), тазарту кезінде, қираған үйінділердің астында адамның күйген денесі табылды», - деп жазды Құлшыманов өзінің Facebook-парақшасында.
Қазіргі таңда мәйіттің жеке басын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалған.
Еске салайық, 7 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты Масаншы ауылында жаппай қақтығыс болып, 10 адам қаза тапқан еді. Жараланғандар саны 180-нен асады. Жанжал сондай-ақ, көрші Ауқатты және Бұлан-Батыр ауылдарында да болды.
Полиция мәліметінше, қақтығыс кезінде бүлікшілер суық қару қолданған. Сондай-ақ, тас пен темір бұйымдарын да қару ретінде пайдаланған. Қазіргі таңда ауруханада 41 адам ем қабылдап жатыр. Олардың бесеуінің жағдайы ауыр.