Шымкентте пиццериядағы қыздың өлімі бойынша жұмыс беруші қамауға алынды
Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлім етті
Шымкент полициясы пиццериядағы қыздың өлімі бойынша жұмыс берушіні қамауға алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлім етті.
«Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабымен (Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу) бойынша тіркеген. Сараптамалар тағайындалған. Қылмыстық іс аясында күдікті шетелдік азамат, нақтырақ айтқанда пәкістандық болғандықтан, тергеу амалдары біршама уақытты алды. Парсы тілінің аудармашы-маманының қатысуымен тергеушілер барлық қажетті процессуалдық іс-әрекеттерді жүргізді», - делінген хабарламада.
Күдікті Пәкістан азаматы Уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Сондай-ақ электр-техникалық сараптама нәтижелері алынғаннан кейін іс сотқа жолданбақ..
Еске сала кетейік, шілде айының басында Қаратау аудандық Полиция басқармасына 15 жастағы қыздың ата-анасы хабарласып, ол жұмыс орнында электр тоғының соғуынан қайтыс болғаны туралы арызданған болатын.