Маңғыстауда жалақы көтеруді талап еткен фельдшерлер жұмыссыз қалды
Олардың орнына басқа адамдар жұмысқа алынып жатыр
Маңғыстау облысында жалақы көтеруді талап еткен фельдшерлер жаппай жұмыссыз қалды. Жедел жәрдем қызметі тоқтап қалмас үшін орнына басқа адамдарды алып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Бұған жедел жәрдем қызметкерлерінің бір аптаға созылған ереуілін сот заңсыз деп танығаны себеп болған. Сондықтан Жаңаөзен мен Мұнайлы ауданында 19 қызметкер жұмыстан босатылыпты.
Әріптестерін қолдаған 25 фельдшер мен 13 көлік жүргізуші өз еркімен жұмыстан кетуге арыз жазған.
Денсаулық сақтау басқармасындағылар оларға жұмысқа қайта оралуға мүмкіндік бердік дейді. Алайда наразылар айтқан бетінен қайтпапты. Сондықтан бос орындарға жаңа қызметкерлер алынып жатыр. Осылайша, тұралап қалған жедел жәрдем қызметі қайта жанданды дейді жауаптылар.
Ал әкімдік жергілікті бюджеттен еңбекақыға үстемақы ретінде 236 миллион қаржы бөлген. Осы ақшаның есебінен жыл соңына дейін жүргізушілерге 90 мың, фельдшерлерге 40, санитарларға 30 мың теңгеден үстеме төленеді.